Қазақстанның орман қорында бір күнде он өрт тіркелді

Автор: Дәулет Ботагөз

2026 жылдың 14 тамызында еліміздің орман қоры аумағында 10 орман өрті тіркелді

Фото: Экология және табиғи ресурстар министрлігі

2026 жылдың 14 тамызында еліміздің орман қоры аумағында 10 орман өрті тіркелді. Жедел қабылданған шаралардың арқасында тілсіз жаудың елді мекендер мен қалың орман алқаптарына таралуына жол берілмеді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Анықталған өрт ошақтарының жетеуі «Ертіс орманы» МОТР аумағында, біреуі Павлодар облысында, біреуі «Семей орманы» МОТР аумағында және тағы біреуі Қарқаралы МОТР аумағында тіркелді. Өрт ошақтары «Қазавиаорманқорғау» РМҚК-ның әуе патрульдеуі, ерте анықтау жүйелері және мемлекеттік орман күзетінің тұрақты бақылауы нәтижесінде дер кезінде анықталған.

Өрттерді сөндіруге мемлекеттік орман күзетінің қызметкерлері, «Қазавиаорманқорғау» өрт сөндіру десанттары, тікұшақтар мен арнайы техникалар шұғыл тартылды.

Қазіргі уақытта өрт ошақтарын оқшаулау және толық сөндіру жұмыстары жүргізілуде, жағдай толық бақылауда. Мамандар өрт қауіпті кезеңде тұрғындарды табиғат аясында қауіпсіздік талаптарын қатаң сақтауға шақырады.