Түркістан облысы, Отырар ауданының тұрғындары мен ұстаздар қауымы бұл акцияға ерекше ықыласпен қосылды
Қазақ вальсінің королі, көрнекті сазгер Шәмші Қалдаяқовтың туғанына 96 жыл толуына орай елімізде кең ауқымды музыкалық челлендж басталды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Ұлы сазгердің өшпес мұрасын ұлықтауға арналған бұл бастаманы өнер майталмандарынан бастап, шалғай ауыл-аймақтағы білім саласының қызметкерлеріне дейін белсене қолдауда.
Сазгердің туған жері — Түркістан облысы, Отырар ауданының тұрғындары мен ұстаздар қауымы бұл акцияға ерекше ықыласпен қосылды.
Отырар ауданындағы Өзбекәлі Жәнібеков атындағы №4 мектеп-интернаттың бір топ ұстазы мен өнерсүйер ұжымы Шәмші Қалдаяқовтың алтын қорына енген «Арыс жағасында» әнін әуелете орындады.
Музыкалық челлендждің басты мақсаты — Шәмші Қалдаяқовтың бай шығармашылық мұрасын дәріптеу, жас ұрпақтың бойына ұлттық музыкалық мәдениетті сіңіру. Сазгердің «Арыс жағасында», «Ана туралы ән», «Ақ бантик» сияқты туындылары бүгінгі күні де халық арасында кеңінен шырқалып, ұрпақтар сабақтастығының жарқын үлгісі болып келеді.