Интернатура көлемі ұлғайып, болашақ дәрігерлердің практикалық және клиникалық дайындығына басымдық беріледі
Қазақстанда болашақ дәрігерлерді даярлау моделі өзгереді: интернатура көлемі 30-дан 70 академиялық кредитке дейін ұлғайып, практикалық дайындық күшейтіледі. Сондай-ақ дәрігер-интернге тәлімгер мен жұмыс орнын бекіту заңмен міндеттеледі, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Денсаулық сақтау бірінші вице-министрі Тимур Сұлтанғазиевтің айтуынша, болашақ дәрігерлердің практикалық дайындығына басымдық беріледі.
Денсаулық сақтау министрлігі медициналық білім берудің практикаға бағытталған жаңа моделі енгізіліп жатқанын нақтылады. Оның басты мақсаты – клиникалық дайындықты күшейтіп, түлектерді өз бетінше жұмыс істеуге даярлау.
«Жаңа модель Мемлекет басшысы 2026 жылғы 12 маусымда қол қойған заңда көзделген. Интернатура көлемі 30-дан 70 академиялық кредитке дейін ұлғайып, клиникалық даярлықтың толыққанды кезеңіне айналады. Дәрігерлерді клиникалық даярлау бағдарламасынан міндетті магистрлік компонент алынып тасталады, ал қосымша оқу уақыты бейіндік даярлық пен практикаға бағытталады», – деді ҚР Денсаулық сақтау бірінші вице-министрі Тимур Сұлтанғазиев министрліктің алқа отырысында.
Сонымен қатар алғаш рет дәрігер-интерннің мәртебесі заңмен бекітілді. Клиникалық базада оған тәлімгер мен жұмыс орны берілуі, медициналық ақпараттық жүйелерге қолжетімділік қамтамасыз етілуі және тәжірибелі дәрігердің бақылауымен медициналық көмек көрсетуге қатысуына мүмкіндік жасалуы тиіс.
Жалпы практика дәрігерлерін даярлау тәртібі де қайта қаралды. МСАК ұйымдарында тікелей білім алуға бөлінетін уақыт көбейтіліп, амбулаториялық педиатрия мен практикалық дағдыларға басымдық беріледі.
«2026 жылы резидентураға конкурс алғаш рет бірыңғай цифрлық платформа арқылы өткізіліп жатыр. Гранттар GPA көрсеткіші мен қорытынды мемлекеттік аттестаттау нәтижелері бойынша автоматты түрде бөлінеді. Бұл адам факторын болдырмауға мүмкіндік береді. Талапкер төрт мамандыққа дейін, төрт білім беру ұйымын және болашақта жұмыс істейтін төрт өңірді таңдай алады», – делінген ақпаратта.
Жыл сайын республикалық бюджеттен резидентураға шамамен 2 500 грант бөлінеді. Бұған қоса, биыл өңірлер 937 грант қарастырған. 2025 жылы олардың саны 721 болған.
Сондай-ақ резиденттер даярлығының бір бөлігін кейін жұмыс істейтін өңірлерінде өткізу үшін білім беру-клиникалық консорциумдарды дамыту жоспарланып отыр.
2026 жылы денсаулық сақтау бағдарламалары бойынша 16 192 маман оқу бітірді. Оның 7 610-ы міндетті еңбек өтеуге тиіс. Алдын ала 5 951 түлек немесе 78,1%-ы жұмыс орындарына бөлінді.
«Жас дәрігерді өңірге жіберіп қана қою жеткіліксіз. Оның сол жерде тұрақтап қалуына жағдай жасау маңызды. Ол үшін баспана, әлеуметтік қолдау, жұмыс орны, тәлімгерлік және кәсіби даму мүмкіндіктері қажет», – деді ҚР Денсаулық сақтау бірінші вице-министрі Тимур Сұлтанғазиев.
Реформаның келесі кезеңі – жаңа талаптарды жоғары оқу орындарында, клиникалық базалар мен өңірлерде іс жүзінде енгізу.
Айта кетейік, 5 тамызда Денсаулық сақтау министрлігі интернатурада медициналық кадрларды даярлау қағидаларына өзгерістер енгізу жобасын әзірлегені белгілі болды. Жоба «Ашық НҚА» порталында 19 тамызға дейін қоғамдық талқылауға шығарылды.