«Ақ жол» партиясы медицина саласының мамандарымен сайлауалды бағдарламасын талқылады

Автор: Асыл Арман

Медицина мамандары «Ақ жол» партиясының кандидаттарына ұсыныстарын айтты

Фото: «Ақ жол» партиясы/Видеодан скрин

«Ақ жол» демократиялық партиясы сайлауалды үгіт-насихат штабы «Зире» медициналық орталығының ұжымымен кездесті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Кездесу барысында Құрылтай депутаттығына кандидат, «Ақ жол» ҚДП Жетісу облыстық филиалының төрағасы Ермек Егінбаев партияның сайлауалды бағдарламасының негізгі бағыттарын таныстырды.

Атап айтқанда, шағын және орта бизнесті қолдау, кәсіпкерлікті дамыту, әлеуметтік әділеттілікті нығайту және халықтың әл-ауқатын арттыруға бағытталған бастамалар кеңінен сөз болды.

Жиын ашық пікір алмасу форматында өтіп, медицина саласының мамандары өздерін толғандырған мәселелер мен ұсыныстарын ортаға салды. Қатысушылар тарапынан партияның сайлауалды бағдарламасына қызығушылық танытылып, қойылған сұрақтарға жауаптар берілді.

Осындай кездесулер халықпен тікелей байланыс орнатып, елдің көкейіндегі мәселелерді ашық талқылауға мүмкіндік береді. Кездесу барысында партияның сайлауалды бағдарламасына қатысты оң пікірлер айтылып, бірқатар бастамаларға қолдау білдірілді.