Қазақстанның қалалары қалай «ақылды» болады: жаңа цифрлық әдістеме бекітілді

Автор: Асыл Арман

Қазақстан өңірлерінде жасанды интеллектке негізделген басқару жүйесі қалыптасады

Фото: istockphoto.com

Қазақстан өңірлерінде жасанды интеллектке негізделген басқару жүйесін енгізуге бағытталған жаңа қадам жасалды. Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі Smart City / Smart Region құру жөніндегі Әдістеменің жаңа редакциясын бекітіп, өңірлердің бірыңғай цифрлық контурын қалыптастыруға басымдық берді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Жаңартылған Әдістеме мемлекет басшысының тапсырмаларын орындау мақсатында әзірленіп, жекелеген цифрлық жобаларды іске асырудан аумақтарды басқарудың бірыңғай интеллектуалды жүйесін, яғни AI-Native cities & regions моделін қалыптастыруға көшуді көздейді. Бұл модельде жасанды интеллект, деректер және цифрлық технологиялар мемлекеттік басқарудың негізгі негізіне айналады.

Әдістемедегі негізгі жаңашылдықтардың бірі жобаларды бірыңғай архитектуралық және функционалдық талаптар негізінде іске асыруға көшу болып табылады. Бұл ақпараттық жүйелердің қайталануын болдырмауға, олардың өзара үйлесімділігін қамтамасыз етуге, әзірлеу және сүйемелдеу шығындарын азайтуға, сондай-ақ өңірлердің бірыңғай цифрлық контурын қалыптастыруға мүмкіндік береді.

Міндетті бастамалар тізімі де едәуір кеңейтілді. Көлік, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық және қоғамдық қауіпсіздік салаларындағы базалық жобалармен қатар, Әдістемеге цифрлық дамудың жаңа бағыттары енгізілді:

  • ұшқышсыз авиациялық жүйелердің (ҰАЖ) инфрақұрылымы;
  • әлеуметтік маңызы бар тауарлардың бағаларын интеллектуалды мониторингтеу;
  • цифрлық инфрақұрылымы бар қос мақсаттағы тіректер;
  • білім беру ұйымдарында интернеттің қолжетімділігін бақылау;
  • мәслихаттардың қызметін цифрландыру;
  • өңірлік IT-хабтар мен аудандық IT-орталықтарды дамыту.

Сонымен қатар «ақылды» аялдамаларды, цифрлық музейлер мен кітапханаларды, 3D/VR турларды, сондай-ақ автомобиль жолдарының сапасын мониторингтеу жүйелерін енгізу көзделген.

«Аумақтарды басқаруда жасанды интеллектіні қолдануға ерекше көңіл бөлінеді. Өңірлік талдау орталықтары, Data Lake және интеллектуалды сервистер оқиғаларға әрекет етуден оларды алдын ала болжауға және деректер негізінде шешім қабылдауға көшуге, осылайша өңірлерді басқарудың AI-Native моделін енгізуге мүмкіндік береді. Жаңа Әдістеменің бекітілуі Digital Qazaqstan жалпыұлттық стратегиясын іске асыру және еліміздің заманауи цифрлық инфрақұрылымын қалыптастыру жолындағы маңызды кезең болып табылады. Құжат өңірлер арасында үздік шешімдерді масштабтауға, интеллектуалды қалалар мен өңірлерді дамытуға, мемлекеттік басқарудың тиімділігін және азаматтардың өмір сүру сапасын арттыруға негіз болады», – делінген ведомство хабарламасында.

Қазіргі уақытта министрлік жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп, Әдістеме талаптарын практикалық іске асыруға және Қазақстан Республикасының барлық өңірінде AI-Native cities & regions бірыңғай моделін енгізуге кіріседі.