Respublica қалдықтарды қайта өңдеудің жүйелі шешімдерін ұсынады

Автор: Аягөз Құрмаш

Қазақстан қалдықтарды көмуден оларды қайта өңдеуге көшуі тиіс

Фото: Respublica партиясының баспасөз қызметі

Қазақстанда жыл сайын шамамен 4,5 млн тонна қатты тұрмыстық қалдық түзіледі. Оның шамамен 20–27 пайызы ғана қайта өңделеді. Қалған қалдық полигондарға шығарылады, олардың басым бөлігі санитарлық талаптарға толық сай емес, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Кеңейтілген өндіруші міндеттемелері жүйесі де күтілген нәтижені бермей отыр. Ал елде қайта өңдеуге болатын екінші реттік шикізаттың бір бөлігі импортқа тәуелділікті сақтап отыр.

Бұл мәселені VIII шақырылым Мәжілісінің депутаты Нұргүл Тау бірнеше рет көтерді. Оның айтуынша, Қазақстан қалдықтарды көмуге емес, қайта өңдеуге басымдық беретін жүйеге көшуі қажет.

«Қазақстан қалдықтарды көмуден оларды қайта өңдеуге көшуі тиіс. Бұл – экологиялық қауіпсіздік, жаңа жұмыс орындарын ашу және екінші реттік шикізат импортына тәуелділікті азайту мүмкіндігі», – деді Нұргүл Тау Парламентте өткен фракцияның кеңейтілген отырысында.

Respublica республикалық сайлауалды штабының мүшелері Орал қаласындағы «Green Service Company» ЖШС-не барды. Кәсіпорын он жылдан астам уақыт бойы металл емес және қауіпті емес қалдықтарды жинау, қайта өңдеу және залалсыздандыру бағытында жұмыс істеп келеді.

Партия төрағасы Айдарбек Қожаназаров, VIII шақырылым Мәжілісінің депутаты Айтуар Қошмамбетов, сондай-ақ Құрылтай депутаттығына кандидаттар Динара Наумова, Тахмина Нағұманова, Зүлфия Ұразғалиева және Нұргүл Тау кәсіпорын ұжымымен кездесіп, қалдықтарды басқару саласының дамуына кедергі келтіретін жүйелі мәселелерді талқылады.

Партия өкілдері отандық қайта өңдеушілерді қолдау тек экологиялық қауіпсіздік мәселесі емес, сонымен қатар экономикалық тұрақтылық пен тәуелсіздіктің маңызды факторы екенін атап өтті.

Екінші реттік шикізатты ел ішінде неғұрлым көп өңдеген сайын, импорттық материалдарға тәуелділік те соғұрлым азаяды. Сондықтан Respublica қалдықтарды қайта өңдеу инфрақұрылымын дамытуға, отандық қайта өңдеушілерді қолдауға және саладағы жүйелі кедергілерді жоюға бағытталған шешімдерді ұсынады.