Өскеменде студент оқуына қатысты мәселелерді шешемін деп алаяққа 1,7 млн теңге аударып жіберген

Автор: Асыл Арман

Күдікті қолға түсті, оның 20 жаста екені анықталды

Фото: istockphoto.com

Өскеменде полиция 22 жастағы студент қыз алаяқтың құрбаны болғанын анықтады. Ол академиялық қарызын жабуға тырысып, нәтижесінде 1,7 миллион теңгеге несие мен бөліп төлеу рәсімдеген, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

ҚР ІІМ мәліметінше, Өскемен қаласының 22 жастағы тұрғыны полицияға жүгінген. Оның айтуынша, бұған дейін ол өзіне академиялық қарызын жабуға және қажетті құжаттарды рәсімдеуге көмектесуді ұсынған ер адаммен танысқан.

Сеніміне кірген күдікті студент қызды өз атына несие мен бөліп төлеу рәсімдеуге көндірген. Ал алынған қаражатты ер адамның бақылауындағы шоттарға аударуы тиіс болған.

Нәтижесінде жәбірленуші 1 миллион 700 мың теңгесінен айырылған.

Күдіктіні Өскемен қаласы полиция басқармасының киберқылмысқа қарсы іс-қимыл тобы қызметкерлері «Hi-Tech» жедел-профилактикалық іс-шарасы барысында анықтаған. Ол облыс орталығының 20 жастағы тұрғыны болып шықты.

«Оқу, емтихан немесе құжат мәселелерін ақшаға шешіп беруге қатысты ұсыныстар алаяқтықтың белгісі болуы мүмкін. Жеке деректеріңізді бермеңіз және бөгде адамдардың өтініші бойынша несие рәсімдемеңіз», – деп ескертеді полиция.

Аталған факті бойынша алаяқтық белгілері бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр. Оқиғаның мән-жайы анықталуда.