Басына қара шұлық киіп алып, ұрлыққа түскен: Астанада тіс емханасында қылмыс видеоға түсіп қалды

Автор: Асыл Арман

Елорда полицейлері стоматологиялық клиникаға заңсыз кіріп, ұрлық жасаған күдіктіні анықтады.

Фото: Видеодан скрин

Астанада белгісіз ер адам басына қара шұлық киіп, тіс емханасына ұрлыққа түскен. Оқиғаның видеосы бейнебақылау камерасына түсіп қалды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Қалалық Полиция департаментінің мәліметінше, қылмыскер мекеменің жабық тұрғанын пайдаланып, кілт таңдау арқылы ғимарат ішіне кірген. Жеке басын жасыру мақсатында қылмыс жасамас бұрын басына қара түсті шұлық киген. Клиникадан ол ноутбуктер, гаджеттер мен сейфті жасырын түрде алып кеткен. Келтірілген жалпы шығын шамамен 2 миллион теңгені құрады.

«Бет-жүзін жасыруға тырысқанына қарамастан, ер адам бүркеніш тақпай тұрып-ақ көшедегі бейнебақылау камераларына түсіп қалған. Бейнежазбаларды зерделеу барысында полицейлер оның жеке басын анықтады. Ол 34 жастағы жергілікті тұрғын болып шықты. Аталған факті бойынша қылмыстық іс қозғалды. Полиция ұйым басшыларына өз мүлкінің қауіпсіздігіне ерекше назар аударуды ескертеді. Сенімді құлыптар, күзет дабылы, бейнебақылау жүйелері және материалдық құндылықтарды қауіпсіз жерде сақтау ұрлық жасау қаупін едәуір төмендетеді», – делінген ПД хабарламасында.