Заңгер қылмыстық іс бойынша тұрмыстық зорлық-зомбылық жасағаны үшін кінәлі деп танылды
Жетісу облысында тұрмыстық зорлық-зомбылық жасаған Отбасын қолдау орталығының заңгері сотталды. Ол отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылықтан зардап шеккендерге көмек көрсететін орталықта жұмыс істегеніне қарамастан, жұбайына қатысты заңға қайшы әрекет жасаған, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Қаратал аудандық сотының қарауына түскен қылмыстық іс бойынша азамат тұрмыстық зорлық-зомбылық жасағаны үшін кінәлі деп танылды.
Қылмыс жасалған кезде ол отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылықтан зардап шеккен адамдарға көмек көрсететін «Жанұя» Отбасын қолдау орталығында заңгер болып жұмыс істеген. Алайда жәбірленушілердің құқықтарын қорғауға бағытталған кәсіби қызметіне қарамастан, өзінің жұбайына қатысты заңға қайшы әрекеттер жасаған.
«Сот талқылауы барысында Қаратал ауданы прокуратурасының мемлекеттік айыптаушысы оның кінәсін толық дәлелдеді. Сот үкімімен кінәліге 200 сағат қоғамдық жұмыс түріндегі жаза тағайындалды. Үкім заңды күшіне енді. Жетісу облысының прокуратурасы тұрмыстық зорлық-зомбылыққа жол берілмейтінін және мұндай әрекеттер үшін Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген жауапкершілік қарастырылғанын еске салады. Заңдылықты қамтамасыз ету және жәбірленушілердің құқықтарын қорғау жөніндегі жұмыс прокуратура органдарының тұрақты бақылауында», – делінген прокуратураның хабарламасында.