Алайда бірінші сұрыпты ұннан жасалған нан, макарон өнімдері, сүйекті және сүйексіз сиыр еті, жылқы еті, сүт, жұмыртқа мен сары майдың бағасы өзгермеген
Қазақстанда әлеуметтік маңызы бар бірқатар азық-түлік тауарының бағасы бір апта ішінде төмендеді. Бұл 12 тамыздағы жағдай бойынша жүргізілген мониторинг нәтижесінде белгілі болды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Бір аптада картоптың бағасы 4,2%-ға, ақ қырыққабат 1,2%-ға, алма 1,1%-ға арзандаған. Сондай-ақ пияз бен сәбіздің бағасы 1%-ға төмендеді. Қатты және жартылай қатты ірімшік бағасы 0,3%-ға, 5-9% майлылығы бар сүзбе мен тұз 0,2%-ға арзандаған. Бірінші сұрыпты бидай ұны мен қаймақ бағасы 0,1%-ға төмендеді.
Ал бірінші сұрыпты ұннан жасалған нан, макарон өнімдері, сүйекті және сүйексіз сиыр еті, жылқы еті, сүт, жұмыртқа мен сары майдың бағасы өзгермеген.
Өңірлер бойынша әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағасы ең көп Талдықорғанда – 0,7%-ға төмендеген. Ақтау мен Жезқазғанда баға 0,4%-ға, Петропавлда 0,3%-ға, Астанада 0,2%-ға арзандады. Қарағанды, Қостанай, Орал, Өскемен және Павлодар қалаларында баға 0,1%-ға төмендеген. Алматы, Түркістан, Ақтөбе, Семей және Тараз қалаларында баға өткен аптадағы деңгейде сақталды.
Қазақстан бойынша картоптың орташа бағасы келісіне 259 теңге болды. Ең арзан картоп Павлодарда сатылып жатыр – 191 теңге. Ақ қырыққабаттың орташа бағасы 189 теңгені құрады. Түркістанда оның келісі 142 теңге, Таразда 152 теңге болған. Алманың орташа бағасы – 797 теңге. Ең төмен баға Шымкентте тіркелді – 639 теңге. Ет өнімдерінің ішінде сүйекті сиыр етінің орташа бағасы 3 779 теңге, ал тауық еті 1 736 теңге болды.
Айта кетейік, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасы апта сайын бақылауға алынады. Баға барлық облыс орталықтарында, республикалық маңызы бар қалаларда және Астанада зерттеліп отырады.