Алматыда сағат 16:00-ден кейін көлік қозғалысы шектеледі
Алматы қаласының полициясы әлемге танымал әнші Kanye West-тің концерті өтетін күні көлік қозғалысына шектеу қойылатынын ескертті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
14 тамызда Алматы қаласындағы Орталық стадионда америкалық әншінің концерті өтеді.
Көрермендер санының көп болуына байланысты Алматы қаласының Полиция департаменті қоғамдық тәртіп пен жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету шараларын күшейтті.
«Концерт өтетін күні Орталық стадион маңындағы автокөлік қозғалысы кезең-кезеңімен шектеледі. Алдын ала жоспар бойынша шектеу сағат 16:00-ден 00:00-ге дейін енгізіледі. Уақытша шектеулер Абай даңғылы мен Сәтбаев көшесінің Байзақов көшесінен Байтұрсынұлы көшесіне дейінгі бөлігін қамтиды. Алматы қаласының Полиция департаменті қала тұрғындары мен қонақтарынан маршруттарын алдын ала жоспарлап, уақытша шектеулерді ескеруді және полиция қызметкерлерінің нұсқауларын орындауды сұрайды», – делінген ПД хабарламасында.
Қабылданып жатқан шаралардың барлығы бұқаралық іс-шара кезінде көрермендердің, қала тұрғындары мен қонақтарының қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған.