«1 млрд тг пайда тапқан»: Ұлытауда карьерді рекультивациялау жұмысының астында заңсыз кен өндіріліп келген

Автор: Асыл Арман

Тергеу дерегінше, өткізілген өнім көлемі 23 мың тоннадан асып кеткен

Фото: ҚМА/Видеодан скрин

Қаржылық мониторинг агенттігі Ұлытау облысында марганец кенін заңсыз өндірумен және өңдеумен айналысқан топты қолға түсірді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Ведомство мәліметінше, күдіктілер пайдаланудан шыққан карьерді рекультивациялау жұмысын жүргізіп жатқан кейіп танытқан. Оқиға орнында ауыр карьер техникасы мен ұсату-жуу жабдықтары қолданылған толыққанды тау-кен байыту кешені іске қосылған.

Өндірілген кен тауарлық концентратқа өңделіп, теміржол арқылы шекаралас мемлекеттерге экспортқа жөнелтіліп отырған. Ал шикізатты жүйелі түрде тиеп-жөнелту үшін күдіктілер теміржол тұйығын жалға алған.

«Тергеу дерегінше, өткізілген өнім көлемі 23 мың тоннадан асып, оның құны 1 млрд теңгеден көп болған. Заңсыз әрекет салдарынан қоршаған ортаға залал келтірілген. Бүлінген жерлерді қалпына келтіру құны 150 млн теңгеден асады. Тергеу жалғасып жатыр. Өзге ақпарат ҚР ҚПК-нің 201-бабына сәйкес жария етілмейді», – делінген ҚМА хабарламасында.