«Емтиханнан өткізіп беремін»: Ақтауда студенттерді алдап, 1 млн теңге жинаған ер адам сотталып кетті

Автор: Асыл Арман

Ол студенттерден 90 мың теңгеден 1 млн теңгеге дейін жинап алған

Фото: istockphoto.com

Ақтауда жоғары оқу орны студенттерінің сеніміне кіріп, оқу үлгерімін жақсартып, емтихандардан жоғары баға алуға көмектесетінін айтып, ақша жинаған ер адам сотталды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Прокуратураның мәліметінше, 2026 жылғы 24 маусымдағы Ақтау қалалық сотының үкімімен азамат Д. алаяқтық (Қылмыстық кодексінің 190-бабы) қылмысын жасағаны үшін кінәлі деп танылып, 3 жыл 9 айға бас бостандығынан айырылды.

Сотта анықталғандай, ол Ақтау қаласындағы жоғары оқу орындары студенттерінің сеніміне кіріп, ақшалай сыйақы үшін олардың оқу үлгерімін жақсартып, емтихандардан жоғары баға алуға көмектесуге уәде берген.

Осы сылтаумен ол студенттердің 90 мыңнан 1 миллион теңгеге дейінгі ақшалай қаражатын иемденген. Алайда уәде еткен міндеттемелерін орындамай, алынған қаражатты жеке басының қажетіне жұмсаған.

«Жаңа оқу жылы қарсаңында Ақтау қаласының прокуратурасы азаматтарды оқу процесіне заңсыз араласуға байланысты ақылы «көмек» ұсынатын, атап айтқанда, баға қойып беруге, емтиханнан өткізуді немесе өзге де мәселелерді шешіп беруді уәде ететін адамдарға сенбеуге шақырады. Есіңізде болсын: мұндай ұсыныстар заңсыз болып табылады және алаяқтық белгілерін қамтуы мүмкін», – делінген прокуратураның хабарламасында.