Respublica партиясының сайлауалды штабы Атыраудағы «Дәулет Нан» ЖШС ұжымымен кездесті
Кездесуге Нұргүл Тау, Айтуар Қошмамбетов, Жалын Жайнарбай, Бекжан Айткулов, Айдос Досқалиев және партияның Атырау облыстық филиалының төрағасы Ғалымжан Утебаев қатысты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Штаб өкілдері партияның Парламенттегі үш жылдық жұмысы, нақты нәтижелері және сайлауалды бағдарламасының негізгі бағыттары туралы айтып берді.
Бекжан Айткулов «Дәулет Нан» сияқты кәсіпорындардың ел экономикасы үшін маңызы бір ғана өндіріс көлемімен өлшенбейтінін атап өтті.
«Сіздер сияқты кәсіпорындар ел үшін өте маңызды. Бүгінде өндірісті жүргізудің қаншалықты қиын екенін өзіміз де білеміз. Дүкеннен сатып алынған бір бөлке нанның артында қаншама еңбек жатыр: шикізат, құрал-жабдық, электр энергиясы, логистика, жалақы, салық және күн сайын жұмысқа келіп, өз ісін атқарып жүрген адамдар. Сондықтан мемлекеттің міндеті — отандық өндірушіні қолдаймыз деп айтумен ғана шектелмей, оның дамып, өндірісін кеңейтуіне жағдай жасау», - деді Бекжан Айткулов.
Жалын Жайнарбай Respublica құрамында әртүрлі сала мен ортадан шыққан адамдар бар екенін атап өтті. Оның айтуынша, бұл партияға елдегі мәселелерге әр қырынан қарауға мүмкіндік береді: кәсіпкердің көзімен, маманның, жұмысшының және жастың көзімен.
Алайда кездесу барысында көтерілген мәселелер өндіріс тақырыбымен ғана шектелмеді.
Ең қызу талқыланған тақырыптардың бірі - білім беру саласы. Кәсіпорын қызметкерлері жоғары оқу орындарындағы оқу ақысының жылдан-жылға қымбаттап келе жатқанына тоқталып, білім беру құнына белгілі бір шектеу қоюға бола ма деген сұрақ қойды. Сонымен қатар жастар үшін тағы бір өзекті мәселе — баспана мен жалдау ақысының қымбаттығы.
«Жататын жеріңді, пәтерақыны, айдың соңына дейін ақшаң жете ме, жоқ па деп үнемі ойлап жүрсең, сабағыңа алаңсыз оқу да қиын», - деген сауалдар айтылды.
Нұргүл Тау бұл бағытта партияның атқарып жатқан жұмыстарына тоқталды. Атап айтқанда, Respublica студенттердің баспанамен қамтылуы мәселесін бұған дейін де көтеріп, жатақхана мен студент арасындағы байланысты жеңілдетуге бағытталған UniDorm 2.0 цифрлық платформасын ұсынған. Пилоттық жобаға 120-дан астам жатақхана, шамамен 25 мың студент және 50 қала қамтылды.
Нұргүл Тау бұл бағыттағы жұмысты әрі қарай жалғастыру қажеттігін атап өтті.
«Біз бұл мәселені қазірдің өзінде зерделеп, жұмыс істей бастадық. Егер бізге мүмкіндік берсеңіздер, бұл жұмысты әрі қарай да жалғастыруға дайынбыз», - деді ол.
Кездесуде әскерден кейін білім грантын алу мүмкіндігі де сұралды. Нұргүл Тау әскери борышын өтеген азаматтарға мемлекеттік білім грантын алу мүмкіндігі бар екенін айтты. Бұл санаттағы азаматтарға стипендия алу және жатақханадан орын беруде басымдық сияқты әлеуметтік қолдау шаралары да қарастырылған.
Осыдан кейін әңгіме әскер мәселесіне ойысты. Партия өкілдері әскердегі мәселелердің бар екенін жоққа шығармай, жүйеде біртіндеп өзгерістер жүріп жатқанын атап өтті. Оның ішінде әскери қызметшілердің әлеуметтік жағдайын жақсартуға және мерзімді әскери қызметтің тартымдылығын арттыруға бағытталған шаралар да бар.
Кездесуде міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі де назардан тыс қалмады. Қатысушылардың айтуынша, көпшілік үшін бұл жүйе әлі де түсініксіз. Қандай медициналық қызметтің тегін көрсетілетіні, қайда жүгіну керектігі туралы сұрақтар бар. Кей жағдайда қажетті емді алу процесі де ұзаққа созылады.
Айдос Доскалиев медицина туралы сөзінде жүйедегі көрсеткіштердің артында нақты пациент тұрғанын ұмытпау керектігін айтты. Оның пікірінше, адам денсаулығына қатысты мәселеге тап болған кезде күрделі жүйені өзі түсініп, қай есікті қағарын іздеп жүруге тиіс емес.
Ол сондай-ақ медициналық көмектің қолжетімділігін арттыру, кадрлық әлеуетті күшейту және заманауи медициналық инфрақұрылымды дамыту, әсіресе өңірлер үшін маңызды екенін атап өтті.
Осылайша, «Дәулет Нандағы» әңгіме өндіріс мәселесімен ғана шектелген жоқ. Адамдарды баласының оқу ақысы қанша болатыны, студенттің қайда тұратыны, жасты әскерде не күтіп тұрғаны және медициналық көмектің қаншалықты қолжетімді болатыны алаңдатады.