Оқыс оқиға Қарабастау шағынауданында болды
Шымкент қаласында полиция қызметкерлері өзен суына ағып бара жатқан екі қызды аман алып қалды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Полицияға Қарабастау шағынауданында суға шомылу кезінде екі қызды өзен ағысы алып бара жатқаны туралы хабарлама келіп түсті.
Оқиға орнына жедел жеткен полиция қызметкерлері суда қалған қыздарды көріп, бірден көмекке ұмтылды. Инспектор Нұрлан Жұмабай әріптестерімен бірге қыздарды судан шығарып, жағаға аман-есен жеткізді.
«Құтқарылған қыздарға алғашқы көмек көрсетілді. Полиция қызметкерлерінің жедел әрі үйлесімді әрекеттерінің арқасында қайғылы жағдайдың алдын алу мүмкін болды. Полиция азаматтарға су айдындарында демалу кезінде қауіпсіздік талаптарын қатаң сақтауды, қауіпті жерлерде суға түспеуді және өз мүмкіндіктерін асыра бағаламауды ескертеді», – делінген ПД хабарламасында.