Партия өкілдері мен Құрылтай депутаттығына кандидаттар Аралда білім саласының мамандарымен, Ақтөбеде өндіріс жұмысшыларымен, Қостанай облысында тұрғындармен кездесіп, сондай-ақ Ақтау мен Жамбыл облысының ауылдарында азаматтардың нақты ұсыныстарын тыңдады
«Әділет» партиясының сайлауалды науқаны аясында өңірлерде тұрғындармен және еңбек ұжымдарымен кездесулер жалғасып жатыр. Кездесулер барысында білім беру мен өндірісті дамыту, жастарды жұмыспен қамту, тұрғын үйдің қолжетімділігі, әлеуметтік қолдау, интернет пен қоғамдық көлік сапасы, коммуналдық және ауыл инфрақұрылымы мәселелері талқыланды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Арал ауданындағы Мәдениет үйінде «Әділет» партиясынан Құрылтай депутаттығына кандидаттар Нұркен Бақытбекұлы мен Мағжан Ералиев білім беру саласының қызметкерлерімен кездесті. Кездесуде жастардың кәсіби бағдарын айқындау, еңбек нарығында сұранысқа ие мамандарды даярлау, білім беру инфрақұрылымын жаңарту және цифрлық дағдыларды дамыту мәселелері көтерілді.
Кездесудің негізгі тақырыптарының бірі жастарға кәсіби бағдар беру болды. Нұркен Бақытбекұлының айтуынша, өзгеріп жатқан еңбек нарығы жағдайында қандай мамандарға сұраныс бар екенін алдын ала түсініп, теориялық білімді практикалық дағдылармен ұштастыру маңызды.
«Болашақ жас маманның тағдыры дұрыс таңдаудан басталады. Сондықтан оқушыларға мектеп қабырғасынан бастап еңбек нарығының қажеттіліктерін таныстырып, мамандықты саналы түрде таңдауға көмектесу қажет. «Әділет» партиясының бағдарламасында бұл бағытқа ерекше көңіл бөлінген. Біз колледждердегі дуалды оқытудың үлесін 45 пайызға дейін жеткізуді ұсынамыз. Бұл студенттерге білім алып қана қоймай, өндірісте тікелей практикалық тәжірибе жинақтауға мүмкіндік береді», — деді Нұркен Бақытбекұлы.
Оның айтуынша, білім беру ұйымдары мен жұмыс берушілер арасындағы байланысты нығайту жас мамандарға оқу кезінде қажетті практикалық дағдыларды меңгеріп, еңбек нарығына дайын болып шығуға мүмкіндік береді.
Кездесуде білім беру инфрақұрылымын жаңарту мәселесі де талқыланды. Атап айтқанда, оқушы орындарының тапшылығын азайту, ауылдық жерлердегі білім сапасын арттыру және заманауи білім беру бағыттарын дамыту мәселелері сөз болды. Партия бағдарламасына сәйкес, 2031 жылға дейін 300 мың жаңа оқушы орны құрылып, ауылдық жерлерде тірек мектептер желісін дамыту жоспарланған.
Білім беру мазмұны қазіргі талаптарға сай болумен қатар, технологиялардың қарқынды дамуын да ескеруі қажет. Осыған байланысты Мағжан Ералиев IT және STEM бағыттарын дамыту перспективаларына тоқталды.
«Бүгінгі мектеп оқушылары ертеңгі еңбек нарығының талаптарына дайын болуы үшін цифрлық дағдыларды қазірден бастап дамытуы қажет. Сондықтан өңірлерде жаратылыстану, инженерлік және IT пәндерін оқуға мүмкіндіктерді кеңейту маңызды. Сондай-ақ жастарға заманауи технологияларды меңгеріп, өз жобаларын жүзеге асыруға мүмкіндік беретін инфрақұрылым қалыптастыру қажет. Партия бағдарламасында Astana Hub пен өңірлік IT-хабтар желісін дамыту, сондай-ақ стартаптарды қолдау тетіктерін кеңейту қарастырылған», — деді Мағжан Ералиев.
Бұл бастамалар «Әділет» партиясының «Әділетті болашақ үшін» сайлауалды бағдарламасында белгіленген адами капиталға инвестиция салу басымдығына сәйкес келеді. Құжатта білім сапасын арттыру, экономикаға қажетті кадрларды даярлау, цифрлық дағдыларды дамыту және жастарды жұмыспен қамту мүмкіндіктерін қалыптастыру көзделген.
Атап айтқанда, бағдарламада жыл сайын кемінде 40 мың жасты жұмыспен қамту, тәлімгерлік жүйесін енгізу, жастарға қайтарымсыз гранттар мен білім беру кредиттерін беру, сондай-ақ стартаптарды қолдау қарастырылған.
Білім беру саласының өкілдері де өз ұсыныстарын білдірді. Атап айтқанда, қаржылық сауаттылықты арттыру, цифрлық құралдарды тиімді пайдалану және жастардың жаңа мамандықтарды меңгеруіне жағдай жасау мәселелері көтерілді.
«Әділет» партиясынан Құрылтай депутаттығына кандидат Мейрамбай Кемалов пен өңірлік штаб өкілдері Ақтөбе рельс-арқалық зауытының жұмысшыларымен үгіт-насихат кездесуін өткізді. Іс-шараға шамамен 100 адам қатысты.
Отандық өндірісті дамыту және ірі жобалардағы қазақстандық тауарлар, жұмыстар мен қызметтердің үлесін арттыру – «Әділет» партиясының сайлауалды бағдарламасындағы маңызды бағыттардың бірі.
Ақтөбе рельс-арқалық зауыты – ТМД аумағында ұзындығы 120 метрлік рельстер өндіретін жалғыз кәсіпорын. Зауыттың бас директоры Евгений Нестеренконың айтуынша, арнайы технологиямен өндірілген рельстердің негізгі тапсырыс берушісі – «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясы. Кәсіпорын өнімдері негізінен ішкі нарыққа бағытталған.
Кәсіпорындарды қолдау шаралары туралы айта отырып, Мейрамбай Кемалов партияның көлік инфрақұрылымы мен транзиттік әлеуетті дамытуға қатысты сайлауалды бағдарламасының бағытына тоқталды. Бағдарламада Трансқазақстандық теміржол дәлізін салуды аяқтау және жаңа теміржол желілерін тарту көзделген. Сондай-ақ ең көп жүктелген учаскелердің өткізу қабілетін арттыру, станцияларды жаңарту және жаңғырту жұмыстарын жалғастыру жоспарланған.
Кәсіпорын өкілдерінің айтуынша, мұндай ауқымды инфрақұрылымдық жобалардың жүзеге асырылуы рельс-арқалық зауытының өндірістік қуатын арттыруға, өнімге деген сұранысты көбейтуге және жаңа жұмыс орындарын құруға мүмкіндік береді.
Партия бастамаларының бірі – отандық өндірушілермен ұзақ мерзімді жеткізу шарттары мен оффтейк-келісімшарттар жасасу тәжірибесін кеңейту. Бұл кәсіпорындарға өндіріс көлемін алдын ала жоспарлауға, қаржы тартуға және өндірістік қуаттарды кеңейтуге инвестиция салуға мүмкіндік береді.
Бүгінде зауытта шамамен 850 адам жұмыс істейді. Сондықтан лайықты еңбек жағдайлары мен еңбекақыға қатысты мәселелер де кәсіпорын жұмысшыларының қызығушылығын тудырды.
Өңірлік штаб өкілі Сергей Вишняк жоғары жалақы төленетін жұмыс орындарының санын арттыру, еңбекақы төлеу, еңбек шарттары мен әлеуметтік аударымдар, сондай-ақ еңбек қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері туралы айтты.
Штаб өкілдері «Әділет» партиясының ерекшелігі кешенді тәсілінде екенін атап өтті. Партия бағдарламасы экономика, білім беру, денсаулық сақтау, әлеуметтік қорғау, еңбек қатынастары, тұрғын үй саясаты және басқа да маңызды бағыттарды қамтиды.
«Әділет» партиясының Қостанай облыстық филиалында сайлауалды науқан аясында тұрғындармен тікелей диалог жалғасып жатыр. Облыстық филиалдың қоғамдық қабылдауында Құрылтай депутаттығына кандидаттармен азаматтардың жеті кездесуі өтіп, оның қорытындысы бойынша 23 аманат тіркелді.
Жалпы Қостанай облысында кандидаттарға 300-ден астам аманат түскен. Олар инфрақұрылым сапасы мен әлеуметтік қызметтердің қолжетімділігінен бастап, елді мекендерді дамыту және азаматтардың жекелеген санаттарын қолдауға дейінгі кең ауқымды мәселелерді қамтиды.
Құрылтай депутаттығына кандидат Екатерина Смышляеваның қабылдауында Қостанай ауданының Киевский ауылындағы ұялы байланыс пен интернет қолжетімділігін жақсарту, сондай-ақ Майкөл ауылындағы Мәдениет үйін қалпына келтіру мәселелері көтерілді.
Құрылтай депутаттығына кандидат Наталья Рамазановаға азаматтар мүгедектігі бар адамдарды әлеуметтік қолдау тетіктерін жетілдіру бойынша ұсыныстар айтты. Сондай-ақ бастауыш сынып оқушылары арасында тірек-қимыл аппараты бұзылыстары мен жалпақтабандылықтың алдын алу, оның ішінде тиісті жаттығуларды дене шынықтыру сабақтарына енгізу мүмкіндігі талқыланды.
Шота Оспанов көпбалалы және жас отбасылар үшін тұрғын үйдің қолжетімділігіне қатысты өтініштерді қарады. Тұрғындар тұрғын үй мәселесін шешу кезінде кездесетін қиындықтарды атап, мемлекеттік қолдау тетіктерін жетілдіру бойынша ұсыныстарын білдірді.
Жеке кездесулер форматы жалпы мәселелерді талқылаумен шектелмей, нақты өмірлік жағдайларды егжей-тегжейлі қарастыруға мүмкіндік береді.
Түскен ұсыныстармен жұмыс жалғасып жатыр. Аманаттар кандидаттар мен «Әділет» партиясының сайлауалды штабының алдағы жұмысында ескерілетін болады.
Ақтауда «Әділет» партиясының облыстық және қалалық сайлауалды штаб мүшелері үгіт-насихат жұмыстары аясында «Caspiy Towers» тұрғын үй кешенінде тұрғындармен кездесті.
Кездесуде коммуналдық инфрақұрылымды жаңғырту, абаттандыру, энергетиканы дамыту, тұрғын үйдің қолжетімділігін арттыру және балалар қауіпсіздігі мәселелері талқыланды.
Штаб мүшелері алдымен 2026–2031 жылдарға арналған «Әділетті болашақ үшін» сайлауалды бағдарламасының негізгі басымдықтарын таныстырып, ел болашағы үшін жүзеге асырылатын жоспарларға тоқталды.
Құрылтай депутаттығына кандидат Кирилл Осин партияның сайлауалды бағдарламасында әрбір қазақстандықтың тұрғын үймен қамтамасыз етілу деңгейін орта есеппен 30 шаршы метрге дейін арттыру көзделгенін айтты.
«Азаматтардың жайлы әрі қолжетімді баспанаға ие болуына жағдай жасау – партияның басты бағыттарының бірі. Сонымен қатар үлескерлік құрылыстағы проблемалы нысандарды аяқтау, апатты үйлерде тұрып жатқан азаматтарды қауіпсіз баспанамен қамтамасыз ету мәселесіне ерекше мән береміз. Ипотеканың қолжетімділігін арттыру да маңызды. Себебі баспана бағасы мен несие шарттары көп отбасы үшін үлкен қаржылық жүктеме болып отыр. Біздің мақсатымыз – тұрғын үй мәселесін кейінге қалдырмай, нақты шешімдер арқылы азаматтардың өмір сүру сапасын арттыру», – деді Кирилл Осин.
Ақтау тұрғындары коммуналдық инфрақұрылымға қатысты өзекті мәселелерін көтерді. Атап айтқанда, шағынаудандардағы ішкі жолдардың сапасын жақсарту, аулаларды абаттандыру және балаларға арналған ойын алаңдарының қауіпсіздігі туралы айтты. Сонымен қатар сумен және жылумен тұрақты қамтамасыз ету мәселесіне де назар аударылды.
Тұрғындардың айтуынша, бұл мәселелер күнделікті өмір сапасына тікелей әсер етеді. Осыған байланысты олар сайлауалды штаб мүшелері мен кандидаттарға инфрақұрылымды жаңғырту, аулаларды ретке келтіру және коммуналдық қызметтердің сапасын арттыру бағытында ұсыныстарын жеткізді.
Ақтау қалалық сайлауалды штабының төрағасы Абзал Марат «Әділет» партиясы әрбір өңірдің инфрақұрылымын дамытуға басымдық беріп отырғанын түсіндірді. Оның айтуынша, сайлауалды бағдарлама аясында тұрғын үй-коммуналдық шаруашылықтың 86 мың шақырым инженерлік желісі жаңғыртылып, жаңадан салынады. Республикалық маңызы бар 10 мың шақырым жолға орташа жөндеу жүргізіліп, жергілікті маңызы бар жолдардың нормативтік жағдайы 86%-дан 95%-ға жеткізіледі.
Бұдан бөлек, штаб мүшесі Қайырғали Қалмұқанов қауіпсіз қоғам құруға бағытталған шараларға тоқталды. Оның айтуынша, балалардың қауіпсіздігі мен болашағы – басты орында. Сондықтан «Әділет» партиясы ауланың, көшенің және мектепке баратын жолдың қауіпсіз болуына, учаскелік пункттер санын көбейтуге, қоғамдық кеңістіктерді жарықтандыру мен абаттандыруға басымдық береді.
Жамбыл ауданының Жасөркен ауылының тұрғындары «Әділет» партиясының Жамбыл облыстық сайлауалды штабы мүшелерімен кездесуде ауылдағы интернет байланысының сапасын жақсартуды және қоғамдық көліктің қатынау жиілігін арттыруды ұсынды.
Облыстық сайлауалды штаб мүшелері ауылға арнайы барып, тұрғындармен ашық форматта кездесу өткізді. Кездесу барысында ауыл тұрғындары күнделікті өмірге, балалардың білім алуына және аудан орталығымен көлік қатынасына тікелей әсер ететін мәселелерді көтерді.
Тұрғындардың айтуынша, Жасөркендегі интернет байланысының сапасы төмен деңгейде қалып отыр. Бұл мәселе әсіресе мектеп оқушылары үшін өзекті. Интернет жылдамдығының төмен болуы қажетті ақпаратты іздеуге, онлайн сабақтарға қатысуға, оқу материалдарын жүктеуге және білім беру платформаларын пайдалануға қиындық туғызады.
Ауыл тұрғындары цифрлық технологиялар білім беру процесінің ажырамас бөлігіне айналған жағдайда интернет сапасы оқушылардың білім алу мүмкіндігіне тікелей әсер ететінін атап өтті.
«Бүгінде оқушы үшін интернет қосымша мүмкіндік емес, білім алудың қажетті құралына айналды. Интернет жылдамдығының төмендігі сабаққа дайындалуға, қажетті ақпаратты іздеуге және онлайн платформаларды пайдалануға үлкен қиындық туғызады. Ауыл балаларының білім алуда қала оқушыларымен бірдей мүмкіндігі болуы керек. Сондықтан сапалы интернет – қазіргі ауылдың басты қажеттіліктерінің бірі», – деді Жасөркен ауылының тұрғыны Перизат Ташметова.
Кездесуде көтерілген тағы бір өзекті мәселе – қоғамдық көлік қатынасы. Қазіргі уақытта Жасөркен ауылына автобус шамамен 2–3 сағатта бір рет қатынайды. Тұрғындардың айтуынша, мұндай аралық оқушыларға, студенттерге, жұмыс істейтін азаматтар мен қарт адамдарға қолайсыздық туғызады.
Ауыл тұрғындары қоғамдық көліктің қатынау аралығын қысқартып, автобустарды кемінде сағатына бір рет жүргізуді ұсынды. Олардың пікірінше, бұл ауыл мен аудан орталығы арасындағы қатынасты жеңілдетіп, оқушылардың оқу орындарына уақытылы жетуіне және жұмыс істейтін азаматтардың күнделікті мәселелерін шешуіне қолайлы жағдай жасайды.
«Қоғамдық көлік – ауыл тұрғындары үшін күнделікті қажеттілік. Қазір автобус 2–3 сағатта бір рет қатынайды. Әсіресе оқушылар мен жұмыс істейтін тұрғындарға қиын. Егер автобус сағатына бір рет жүрсе, ауыл мен аудан орталығы арасындағы қатынас әлдеқайда ыңғайлы болар еді», – деді ауыл тұрғыны Асель Сейдуалиева.
Тұрғындардың сұрақтарына жауап берген облыстық сайлауалды штаб мүшелері ауылдық аумақтардың инфрақұрылымын дамыту, цифрлық қызметтердің қолжетімділігін арттыру және азаматтардың өмір сүру сапасын жақсарту «Әділетті болашақ үшін» сайлауалды бағдарламасының маңызды бағыттарының бірі екенін атап өтті.
Партияның сайлауалды бағдарламасында ауылдық елді мекендердің инфрақұрылымын дамытуға, өңірлер арасындағы даму деңгейіндегі алшақтықты қысқартуға, цифрлық технологиялардың қолжетімділігін кеңейтуге және ауыл тұрғындарының табысын арттыруға бағытталған нақты міндеттер қарастырылған.
Кездесу барысында Жасөркен тұрғындары көтерген мәселелер мен ұсыныстар облыстық сайлауалды штаб тарапынан тіркелді. Партия өкілдері олар тиісті бағыттар бойынша зерделеніп, өңірдегі алдағы жұмыста ескерілетінін атап өтті.
Жасөркен ауылындағы кездесу «Әділет» партиясының Жамбыл облысындағы сайлауалды жұмысының негізгі қағидаттарының бірін – ауыл тұрғындарының нақты сұраныстарын тікелей тыңдап, олардың ұсыныстарын партияның алдағы жұмысында ескеруді көрсетті.
«Әділет» партиясының Жамбыл облысындағы сайлауалды кездесулері жалғасып жатыр.