Саяси партияның өңірдегі беделін не көтереді: сарапшы нақты факторларды атады
Сарапшы сайлауда партиялардың өңірлік табысына әсер ететін факторларды атады
Саяси партияның өңірлердегі табысы көбіне оның жергілікті өкілдерінің беделіне және сайлаушылардың әртүрлі топтарының сұраныстарын ескере білу қабілетіне байланысты. Бұл туралы Алматыда өткен ҚР Президенті жанындағы Қазақстан стратегиялық зерттеулер институты ұйымдастырған «Сайлау-2026: саяси науқанның сипаты» сарапшылар алаңы аясында Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының Білім беру және қоғамдық даму ғылымдары орталығының жетекшісі Жеңісбек Төлен мәлімдеді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Сарапшының айтуынша, сайлаушы үшін партия тек оның орталық басшылығы мен жалпыұлттық бағдарламасы арқылы ғана таныла бермейді. Өңірлік деңгейде саяси күштің негізгі өкілі көбіне нақты кандидат, депутат немесе партияның жергілікті филиалының басшысы болады.
Сондықтан жергілікті саясаткерлердің кәсібилігі, ашықтығы, халықпен диалог орната білуі және азаматтардың өтініштеріне жауап беруі тұтастай партияның қоғамдық қабылдануына тікелей ықпал етеді. Ал есептіліктің болмауы, уәделердің орындалмауы және өңірлік өкілдердің беделіне қатысты мәселелер тіпті танымал партиялық брендке деген сайлаушылардың сенімін әлсіретуі мүмкін.
«Сенім тек үгіт-насихат кезеңінде ғана емес, бүкіл саяси цикл барысында қалыптасуы қажет. Ол халықпен тұрақты жұмыс істеу, ашық әрі түсінікті есептілік, партияның өңірлерде тұрақты болуы және оның өкілдерінің жетістіктерімен қатар, жіберген қателіктері үшін де жауапкершілік алуға дайын болуы арқылы орнығады», – деп атап өтті Жеңісбек Төлен.
Оның пікірінше, белгілі бір өңірдегі партияның ұстанымын бағалау кезінде оның жергілікті деңгейдегі өкілінің беделіне, бұл өкілдердің тұрғындарға қаншалықты танымал екенін және сайлаушылар олардың қызметін нақты нәтижелермен байланыстыра ма, жоқ па деген мәселелерді ескеру маңызды. Сондай-ақ партия өкілдерінің дербес әрі кәсіби команда ретінде қабылдануы, өңірдің мәселелерін жалпы саяси ұрандармен шектелмей, жергілікті тәжірибеге сүйене отырып талқылай алуы да айрықша мәнге ие.
Сондықтан сарапшының пікірінше, өңірлік сайлау науқаны орталық деңгейдегі үгіт-насихаттың механикалық қайталануына айналмауы тиіс. Жалпыұлттық идеялар жергілікті мысалдармен, халыққа танымал өкілдермен және нақты жұмыс нәтижелерімен толықтырылуы қажет.
Жеңісбек Төлен өңірлік электораттың ішкі әркелкілігіне де ерекше назар аударды.
«Өңір – біртұтас сайлаушылар тобы емес. Ол әртүрлі әлеуметтік топтардың жиынтығынан тұрады. Ал партияның табысы жергілікті команданың осы топтардың әрқайсысымен түсінікті әрі қолжетімді тілде диалог құра білуіне байланысты», – деп атап өтті сарапшы.
Оның айтуынша, облыс бойынша орташа көрсеткіштер халықтың жекелеген топтары арасындағы елеулі айырмашылықтарды жасыруы мүмкін. Бір өңірдің өзінде облыс орталығының тұрғындары, шағын қалалар мен ауылдардың, шалғай аудандардың тұрғындары, жастар мен аға буын өкілдері, кәсіпкерлер, бюджеттік сала қызметкерлері, жалдамалы жұмысшылар және өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтар қатар өмір сүреді. Саяси белсенділік деңгейі де әртүрлі: партиялық таңдауы қалыптасқан азаматтардан бастап, әлі нақты шешім қабылдамаған сайлаушыларға дейінгі түрлі топ бар.
Сонымен қатар бір мәселенің өзі әртүрлі әлеуметтік топтардың өкілдері тарапынан мүлде өзгеше қабылдануы мүмкін. Мысалы, облыс орталығындағы жастар үшін жұмыспен қамту мәселесі сапалы жұмыс орындары мен мансаптық мүмкіндіктерге қатысты болса, шалғай аудандардың тұрғындары үшін ол бос жұмыс орындарының тапшылығы және басқа өңірлерге қоныс аудару қажеттілігімен байланысты болуы мүмкін. Кәсіпкерлер үшін өңірдің дамуы әкімшілік кедергілерді азайтуды білдірсе, жалдамалы жұмысшылар үшін табыстың тұрақтылығы мен әлеуметтік кепілдіктер бірінші орынға шығады.
«Өңірдің басты мәселесі» туралы айтқанда, бұл мәселе нақты қай топ үшін басты екенін, сол топ қандай шешімді қолдайтынын және оны жүзеге асыруды қай саяси күшке сеніп тапсыруға дайын екенін анықтау қажет. Сондықтан электоратты тек географиялық тұрғыдан ғана емес, жас ерекшелігіне, өмір салтына, жұмыспен қамтылуына, сұраныстарының сипатына және саяси белсенділік деңгейіне қарай да сегменттеу маңызды», – деп атап өтті Жеңісбек Төлен.
«Сайлау-2026: саяси науқанның сипаты» сарапшылар алаңы 13 тамызда Алматы қаласында өтті. Іс-шараны ҚР Республикасы Президенті жанындағы Қазақстан стратегиялық зерттеулер институты ұйымдастырды. Талқылауға саясаттанушылар, академиялық және сарапшылық қоғамдастық өкілдері, зерттеу және талдау орталықтарының мамандары, қоғам қайраткерлері, сондай-ақ саяси коммуникациялар мен сайлау үдерістері саласының сарапшылары қатысты. Онлайн форматта пікірталасқа Қазақстанның барлық өңірінен сарапшылар қосылды.