Сот отырысында ол өз кінәсін мойындаған жоқ
Оралда сот жүйесінің қызметкері көлігінің мемлекеттік нөмірін жасыруға тырысқаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылып, жүргізуші куәлігінен айырылды. Бұл туралы Azattyq Rýhy агенттігі «Мой город» басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Орал қаласының мамандандырылған әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі соты қызметтік көлігінің мемлекеттік тіркеу нөмірін жасыруға тырысқан сот жүйесінің қызметкеріне қатысты істі қарады.
Іс материалдарына сәйкес, ер адам Kia Sorento көлігімен қала ішінде алдыңғы мемлекеттік нөміріне шүберекті тығыз орап алып жүрген. Соның салдарынан нөмірді оқу мүмкін болмаған. Құқық бұзушы Батыс Қазақстан облысы бойынша соттар әкімшілігі департаментінің жүргізушісі болып шыққан.
Сот отырысында қызметкер өз кінәсін мойындаған жоқ. Оның айтуынша, қызметтік көлікті жолға шығар алдында ұлы жуып, нөмірге шүберекті сол орап қойған. Ал жүргізуші мұны байқамағанын айтқан.
Сот бұл нұсқаға сын көзбен қарады. Жол қозғалысы ережелеріне сәйкес, жүргізуші жолға шығар алдында көліктің техникалық жағдайын өзі тексеріп, мемлекеттік нөмірлердің таза әрі ашық тұрғанына көз жеткізуге міндетті. Сонымен қатар құқық бұзушылық фактісі бейнежазбаға анық түсірілген.
Нәтижесінде сот қызметкері ҚР ӘҚБтК-нің 590-бабының 4-бөлігі («Көлік құралдарын пайдалану қағидаларын бұзу») бойынша кінәлі деп танылды. Оған 1 тәулік әкімшілік қамаққа алу және 1 жыл мерзімге көлік құралын басқару құқығынан айыру жазасы тағайындалды.
Сот қаулысы әзірге заңды күшіне енген жоқ.