Ақмола облысында жол апатынан төрт адам қаза тапты

Автор: Асқарова Қарлығаш

Алдын ала мәлімет бойынша, Mini Cooper жүргізушісі қарсы бағытқа шығып кетіп, Audi көлігімен бетпе-бет соқтығысқан

Фото: pixabay.com

Ақмола облысында ірі жол апаты болып, төрт адам қаза тапты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Жол-көлік оқиғасы 12 тамызда Көкшетау-Атбасар тасжолының 16-шақырымында болған. Mini Cooper мен Audi көліктері соқтығысқан.

Алдын ала мәлімет бойынша, Mini Cooper жүргізушісі қарсы бағытқа шығып кетіп, Audi көлігімен бетпе-бет соқтығысқан. Салдарынан Audi көлігінің жүргізушісі мен үш жолаушысы оқиға орнында көз жұмды. Ал Mini Cooper көлігіндегі үш адам түрлі жарақатпен ауруханаға жеткізілді.

Полиция Mini Cooper жүргізушісін ұстады.

Қазір аталған дерек бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Құзырлы орган жол апатының барлық мән-жайын анықтап жатыр.

Полиция жүргізушілерді жол ережесін сақтап, жылдамдықты асырмауға және жолда барынша мұқият болуға шақырды.