Әйел адамның басы, беті, мойны, кеудесі, қолы, арқасы мен иығы қатты күйіп қалған
Шымкентте ер адам бұрынғы жұбайының бетіне қышқыл шашып жіберген. Салдарынан әйел адам ауыр жарақат алды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Желідегі мәліметке сүйенсек, ерлі-зайыптылар шамамен бес жыл бұрын ажырасып кеткені белгілі. Олардың ортақ баласы бар. Әйел адам бүгінге дейін сұлулық салонында жұмыс істеп келген.
Шабуыл жасалған күні экс-күйеуі оған басқа нөмірден хабарласып, өзін клиент ретінде таныстырған. Ол әйелден кешкі уақытта қабылдауын сұраған. Ал келгеннен кейін арнайы дайындап келген қышқыл сұйықтығын әйелдің үстіне төккен.
Жәбірленушінің басы, беті, мойны, кеудесі, қолы, арқасы мен иығы қатты күйіп қалған. Қазір ол ауруханада жатыр.
Алдын ала мәлімет бойынша, жанжалға несие мен алимент төлеуге қатысты мәселелер себеп болуы мүмкін.
Ер адам ұсталды. Оқиға бойынша Қаратау аудандық полиция басқармасы ҚР Қылмыстық кодексінің 107-бабы бойынша қылмыстық іс қозғап, тергеу жүргізіп жатыр. Бұл бап бойынша үш жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.