Ота кезінде денесінде дәке қалып қойған: Қызылорда тұрғыны 1,5 млн теңгеден астам өтемақы өндіріп алды

Автор: Асқарова Қарлығаш

Медициналық мекемеде бөгде заттың қалғаны ота хаттамасы, медициналық құжаттар мен бейнежазба арқылы расталған

Фото: istockphoto.com

Қызылорда облысының тұрғыны хирургиялық ота кезінде денесінде дәке тампоны қалып қойғанын айтып, медициналық мекемені сотқа берді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Науқастың айтуынша, медициналық қателіктен кейін ол ұзақ уақыт бойы ауырсынумен жүрген. Отадан кейінгі жарасы дұрыс жазылмай, қабыну пайда болған. Ақырында өз қаражатына қайтадан ота жасатуға мәжбүр болған. Дәрігерлер сол жерде алдыңғы ота жасалған аймақтан қалып қойған дәке тампонын алып тастаған.

Медициналық мекемеде бөгде заттың қалғаны ота хаттамасы, медициналық құжаттар мен бейнежазба арқылы расталған. Мұны қайта ем жүргізген мекеме өкілінің түсініктемесі де дәлелдеген.

Бұдан бөлек, жоспардан тыс тексеру кезінде медицина ұйымында бірқатар заң бұзушылық анықталған. Атап айтқанда, ота жасау кезінде міндетті талаптар сақталмаған, науқастың жағдайы кейін тиісті деңгейде бақыланбаған. Медициналық құжаттар да талапқа сай толтырылмаған: күнделікті жазбалар толық жүргізілмеген, зерттеу нәтижелеріне клиникалық түсіндірме берілмеген, ота кезінде алынған материалдарды зерттеу туралы мәліметтер көрсетілмеген.

Сот барлық дәлелді зерттей келе, медициналық мекеменің кінәсі бар деген қорытындыға келді.

Нәтижесінде медициналық ұйымнан науқастың пайдасына материалдық шығын мен моральдық зиянның өтемі ретінде 1,5 млн теңгеден астам қаражат өндірілді.