Ресейлік стример Қазақстан жайлы тікелей эфирде теріс пікір айтқаны үшін елден қуылды (ВИДЕО)

Автор: Асыл Арман

Ол енді 5 жылға дейін Қазақстанға келе алмайды

Фотоколлаж: Azattyq Rýhy/Әбілқасым Есентаев

Астана полициясы ресейлік стримердің Қазақстаннан депортацияланған сәтінің видеосын жариялады. Бойжеткен әлеуметтік желідегі жазбалары үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылғаннан кейін елден қуылды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Полиция департаментінің мәліметінше, әлеуметтік желілерге мониторинг жүргізу барысында шет мемлекет азаматшасы Г.К.-ның арандатушылық және әдепке жатпайтын пікірлер айтқан тікелей эфирлері анықталды.

«Сот шешімімен шетел азаматшасы айыппұл түріндегі әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Заңнамада белгіленген тәртіппен оны ел аумағынан шығару бойынша тиісті шаралар қабылданды. Заңнамаға сәйкес оған Қазақстанға бес жыл мерзімге кіруге шектеу қойылды», – делінген ПД хабарламасында.

Қазақстан шетел азаматтары мен ел қонақтары үшін ашық мемлекет. Бұл ретте, Қазақстан Республикасының аумағында болу заң талаптарын мүлтіксіз сақтауды, сондай-ақ елімізге, оның азаматтарына және жалпыға ортақ мінез-құлық нормаларына құрметпен қарауды талап етеді

«Шетел азаматшасы Г.К. Қазақстан Республикасының аумағынан кетті. Бұған дейін сот оны әлеуметтік желілердегі арандатушылық және әдепсіз сипаттағы пікірлері үшін әкімшілік жауапкершілікке тартты. Оған Қазақстанға бес жыл мерзімге кіруге шектеу қойылды. Заң талаптарын сақтау және елге құрметпен қарау – баршаға ортақ міндет», – деп жазады қалалық Полиция департаменті.