Алаяқтар жасанды интеллект арқылы туыстардың дауысы мен бейнесін қолдан жасап, азаматтардан шұғыл ақша аударуды талап етеді
Ішкі істер министрлігі қазақстандықтарға жасанды интеллектіні пайдаланатын алаяқтық туралы ескертті. Алаяқтар адамдарды шұғыл ақша аударуға көндіру үшін олардың туыстарының дауысы мен сыртқы келбетін қолдан жасауға кіріскен, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Ведомство мәліметінше, заманауи цифрлық технологиялар алаяқтарға адамның дауысы мен бейнесін нақты уақыт режимінде имитациялауға мүмкіндік береді.
Қаскөйлердің басты мақсаты – адамды абдыратып, эмоцияға берілген сәтінде ойланбастан ақша аударуға мәжбүрлеу.
«Полиция азаматтарды қырағы болуға және жасанды интеллект технологияларын пайдаланатын алаяқтық схемалардан сақтануға шақырады. Мұндай схемалардың негізгі мақсаты – адамның сеніміне кіріп, оны дереу ақша аударуға итермелеу», – делінген ҚР ІІМ хабарламасында.
Алаяқтардың арбауына түсіп қалмау үшін құқық қорғау органдары негізгі қауіпсіздік ережелерін сақтауға кеңес береді:
Тәртіп сақшылары экраннан таныс адамды көргенде немесе телефоннан таныс дауысты естігенде оған бірден сене бермеу керектігін ескертеді.
«Ақша аудармас бұрын ақпаратты әрдайым тексеріңіз. Тексеруге кеткен бір минут қомақты қаржылық шығынның алдын алуға көмектесуі мүмкін», – деді ҚР ІІМ баспасөз қызметі.