3 млрд теңгеден аса шығын келтірген: Астанада Qyran тұрғын үй кешеніндегі 51 үлескерді алдағандар сотталды

Автор: Асқарова Қарлығаш

Олар жалған сатып алу-сату шарттарын жасасып, тұрғындардан түскен 3 млрд теңгеден астам қаражатты компанияның есепшотына аудармаған

Фото: ЖИ көмегімен жасалды

Астанада Qyran тұрғын үй кешенінен пәтер, коммерциялық нысан және автотұрақ сатып алмақ болған 51 адамды алдап, 3 млрд теңгеден астам шығын келтірген құрылыс компаниясының төрт қызметкері сотталды. Бұл туралы Астана қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық соты мәлімдеді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Сот материалдарына сәйкес, айыпталушылар клиенттерден жылжымайтын мүлік үшін ақша алғанымен, өз міндеттемелерін орындамаған. Сонымен қатар олар жалған сатып алу-сату шарттарын жасасып, тұрғындардан түскен 3 млрд теңгеден астам қаражатты компанияның есепшотына аудармаған. Осы әрекеттердің салдарынан 51 адамға аса ірі мөлшерде залал келтірілген. Сондай-ақ компанияның өзіне де қаржылық шығын келген.

Сотта айыпталушыларға алдын ала сөз байласқан адамдар тобы құрамында алаяқтық жасау, қызмет бабын пайдаланып сеніп тапсырылған мүлікті иемдену және жасырын ақпарат жинауға арналған арнайы техникалық құралдарды заңсыз сатып алып, пайдалану бойынша айып тағылған. Алайда сотталушылар тағылған айыппен келіспей, өздерін ақтауды сұраған. Жәбірленушілер болса, келтірілген шығын өтелмегендіктен, қатаң жаза тағайындауды өтінген.

Сот шешімімен төрт адамға қылмыстар жиынтығы бойынша 8 және 9 жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Сонымен қатар олардың жылжымайтын мүлік сатуға байланысты қызметпен айналысуына 10 жылға тыйым салынды.

Үкім әзірге заңды күшіне енген жоқ.

Айта кетейік, 2025 жылдың желтоқсанында Қаржылық мониторинг агенттігі Qyran тұрғын үй кешеніндегі жылжымайтын мүлікті сату желеуімен ақша жымқыруға қатысты қылмыстық іс тергеліп жатқанын хабарлаған. Ол кезде тұрғындар мен компанияға келтірілген жалпы шығын 7,9 млрд теңге деп бағаланған. Қылмыстық іс биыл наурызда сотқа жолданған.