Жиында шалғай ауыл тұрғындары үшін әлеуметтік қызметтердің қолжетімділігі мен ауылдардың инфрақұрылымын дамыту мәселелері сөз болды
ҚР Құрылтай депутаттығына ЖСДП атынан кандидат Еркін Әбдиев жұмыс сапарымен Мойынқұм ауданының Бірлік және Хантау ауылдарына барып, жергілікті тұрғындармен кездесті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Бірлік ауылындағы кездесу Қ. Рысқұлбеков атындағы орта мектепте өтті. Бұл – Халық қаһарманы, Желтоқсан оқиғасының қаһарманы Қайрат Рысқұлбеков дүниеге келген елді мекен. Кездесулер барысында ауыл тұрғындары елді мекендерді дамыту, әлеуметтік мәселелер және халықтың әл-ауқатына қатысты ұсыныстарын ортаға салды. Сондай-ақ шалғай ауыл тұрғындары үшін әлеуметтік қызметтердің қолжетімділігі мен ауылдардың инфрақұрылымын дамыту мәселелері сөз болды.
Еркін Әбдиев тұрғындардың пікірін тыңдап, көтерілген мәселелердің маңыздылығын атап өтті. Кандидат ЖСДП бағдарламасында әлеуметтік әділеттілік, өңірлерді дамыту және халықтың тұрмыс сапасын арттыру мәселелеріне басымдық берілетінін айтты. Хантау ауылында да тұрғындар елді мекеннің қазіргі жағдайына қатысты ұсыныстарын жеткізді. Аудан орталығынан шалғай орналасқан ауылдың тұрғындары үшін әлеуметтік және инфрақұрылымдық мәселелердің өзектілігін атап өтті.
Кездесулер барысында тұрғындар өздерін толғандырған мәселелерін ашық айтып, ұсыныстарын ортаға салды. Кандидат олардың ұсыныстарын алдағы жұмысында ескеретінін жеткізді.