«Байтақ» партиясы халықаралық байқаушылармен кездесті

Автор: Аягөз Құрмаш

Кездесуде партияның сайлауалды бағдарламасы талқыланды

Фото: «Байтақ» партиясының баспасөз қызметі

«Байтақ» жасылдар партиясының Батыс Қазақстан облыстық филиалына ЕҚЫҰ Демократиялық институттар және адам құқықтары жөніндегі бюросының халықаралық байқаушылары барды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Миссия өкілдері Астрид Нуньес пен Василий Хлебушкин партия өкілдерімен кездесіп, өңірдегі сайлауалды науқанның барысымен танысты.

Батыс Қазақстан облыстық филиалының төрағасы Тұрсынбек Байтеміров өңірдегі үгіт-насихат жұмыстары туралы айтып, науқанның барлық ауданды қамтып, заң талаптарына сәйкес жүргізіліп жатқанын жеткізді.

Кездесуде партияның сайлауалды бағдарламасы, экологиялық қауіпсіздік, тұрақты даму, қоршаған ортаны қорғау мәселелері талқыланды. Сонымен қатар халықаралық бақылаудың сайлау процесінің ашықтығын қамтамасыз етіп, оған деген қоғамдық сенімді арттырудағы маңызы сөз болды.