Трамп сақтандыру арқылы балалардың жынысын ауыстыру отасын қаржыландыруды тоқтатып тастады

Автор: Аягөз Құрмаш

Бұл туралы АҚШ президенті Дональд Трамп Truth Social желісінде хабарлады

Фото: Kevin Dietsch / Getty Images

АҚШ-та Medicaid мемлекеттік бағдарламасы бұдан былай кәмелетке толмағандарға жынысты ауыстыру операциялары мен гормоналды препараттарды төлемейді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

 «Бүгін менің тапсырмам бойынша дәрігер Мехмет Оз Medicaid бұдан былай кәмелетке толмағандар үшін жынысты ауыстыру операциялары мен гормоналды препараттарға ақша құймайтынын мәлімдеді. Біз жазықсыз балаларымыздың жас ағзасына орны толмас зор зиян келтіретін мұндай жабайы процедураларға ақша бөлуді тоқтатамыз», - деп жазды Трамп.

CNBC арнасының хабарлауынша, жаңа ережеге сәйкес, Medicaid пен Балаларды медициналық сақтандыру мемлекеттік бағдарламасының қаражатын гендерлік өту мен трансгендерлік процедураларға жұмсауға тыйым салынады.

Бұл тыйым жыныстық жетілуді бұғаттайтын дәрілерге, гормоналды препараттарға және хирургиялық операцияларға қатысты. Жаңа өзгерістер 13 қазанда күшіне енеді.

Medicaid – тұрмысы төмен отбасыларға, мүмкіндігі шектеулі жандарға және әлеуметтік осал топтарға арналған мемлекеттік медициналық сақтандыру бағдарламасы. Ол федералды бюджет пен штат қаржысынан бөлінеді.

CHIP – табысы Medicaid критерийлеріне жетпейтін, бірақ әлі де төмен саналатын отбасылардың балаларына арналған сақтандыру бағдарламасы.