Жол бермегені үшін көлігін қуып жетіп, жүргізушіні ұрып кеткен
Алматы қаласында Сейфуллин даңғылы бойында екі жүргізуші арасында жанжал болды. Даудың себебі – біреуі екіншісіне жол бермеген, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Жәбірленушінің айтуынша, қара түсті «ROX» жол талғамайтын көлігінің жүргізушісі бұрылып, көлік ағынына қосылмақ болған. Алайда оған негізгі жолда келе жатқан жүргізуші жол бермеген. Осыдан кейін ол жәбірленушінің көлігін қуып, жүргізушіні мәжбүрлемеп тоқтатады.
Видеоға назар аударсақ, екі көлік те тоқтаған соң, жәбірленуші сөйлесу үшін көліктен шыққан. Сол кезде «ROX» көлігінің жүргізушісі оған жақындап келіп, бетінен ұрып жібереді. Ер адам сол сәтте асфальтқа құлап, есінен танып қалған. Куәгерлердің айтуынша, алған соққыдан сол сәтте құрыса бастайды. Ал оған маңайдағы адамдар көмекке жүгіріп келген.
Желідегі мәліметке сүйенсек, шабуыл жасаған адам жедел жәрдем келгенге дейін оқиға орнынан кетіп қалған. Жәбірленуші есін медициналық көлікте жиған.
Агенттік тілшісі оқиғаға қатысты қалалық Полиция департаментінің баспасөз қызметіне сауал жолдады.
«Әлеуметтік желілерде қазіргі уақытта тарап жатқан екі көлік жүргізушісі арасындағы жанжалға қатысты Бостандық аудандық полиция басқармасы дене жарақатын салу фактісі бойынша қылмыстық істі тергеп жатыр. Аталған оқиғаның бірнеше апта бұрын болғаны анықталды. Жанжалға қатысқан адамдардың барлығы анықталып, олармен қажетті процессуалдық іс-шаралар жүргізіліп жатыр. Қазіргі уақытта тергеу барысында оқиғаның барлық мән-жайын жан-жақты, толық әрі объективті анықтауға бағытталған бірқатар тергеу әрекеті жүргізіліп жатыр», – делінген агенттік тілшісіне берген пікірінде.
Полиция департаментінің мәліметінше, тергеу қорытындысы бойынша жанжалға қатысушылардың әрқайсысының әрекетіне заңда белгіленген тәртіппен тиісті құқықтық баға беріледі.