«Айдарбекпен емес, Абай атамызбен дауласыңыздар»: Қожаназаров даулы мәлімдемесіне қатысты жауап берді

Автор: Аягөз Құрмаш

Ол өз пікірін талдап берген

Фото: instagram/a1darbek

Respublica партиясының төрағасы Айдарбек Қожаназаров «Абайды Абай қылған — Құнанбайдың малы» деген пікірталас тудырған мәлімдемесіне қатысты арнайы түсініктеме беріп, өзін сынағандарға жауап қайтарды. Саясаткер желіде тараған шулы сөзге емес, оның түпкі мәніне үңілуге шақырды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Айдарбек Қожаназаровтың айтуынша, қоғамдағы кейбір азаматтар сөздің терең мағынасына бойламай, «мал» деген сөзге ғана жармасып отыр. Өз уәжін дәлелдеу үшін саясаткер хәкім Абай Құнанбайұлының қара сөздерінен мысал келтірді.

«Абай қазақты түзеуге қам жеген адамға екі нәрсе керек дейді, біріншісі бек зор өкімет, ал екіншісі ол адам есепсіз бай боларға керек. Аталарын паралап, балаларын алып, жолға салып, тағлым берсе, сонда түзелер еді. Мәселенің түйіні осы», - деп жазды саясаткер.

Партия лидері байлық пен дәулеттің адам бойындағы талант пен ақылды алмастыра алмайтынын, бірақ оны шыңдауға жол ашатын негізгі құрал екенін баса айтты.

«Құнанбайдың байлығы Абайға талант берген жоқ, бірақ сол таланттың ашылуына қажетті білімге, ортаға және мүмкіндікке жол ашты. Қазақ тарихындағы ауқатты азаматтар да мектеп ашып, баспасөз бен ағартушылықты өз қаржысына қолдаған. Кеңес өкіметінің ең алдымен байларды тәркілеуі де осы экономикалық дербестік пен ықпалды жою мақсатында жасалған. Мал талант тудырмайды талантқа мүмкіндік береді. Ақша ақыл бермейді білімге жол ашады. Байлық адамды ұлы етпейді, бірақ дұрыс жұмсалса, ұлы мұратқа қызмет етеді», - деді ол.

Айдарбек Қожаназаров өзіне айтылған сындардың негізсіз екенін білдіріп, оппоненттерін Абайдың мұрасын дұрыс түсінуге шақырды.

«Сондықтан сөзді бұрмалаудың қажеті жоқ. Сіздер Айдарбектің емес, Абайдың сөзін бұрмалап жатсыздар. Ал “есепсіз бай боларға керек” деген сөзбен келіспесеңіздер — Айдарбекпен емес, ар-ұятты ысырып қойып, Абай атамызбен дауласыңыздар», — деді ол.