Іс-шара таңғы сағат 06:00-де фитнес-жаттықтырушы Александра Нұркенованың ашық жаттығуымен басталды
Астанадағы Ботаникалық бақта Спорт апталығы басталды. Елорданың жүздеген тұрғыны Олимпиада чемпиондары және танымал спортшылармен бірге «10 000 қадам» бағыты бойынша жаяу жүрді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Туризм және спорт министрлігінің мәліметінше, іс-шара таңғы сағат 06:00-де фитнес-жаттықтырушы Александра Нұркенованың ашық жаттығуымен басталды. Одан кейін қатысушылар Олимпиада чемпиондары Серік Сәпиев, Дмитрий Баландин, Юрий Мельниченко, Олимпиада жүлдегерлері Василий Левит, Әділбек Ниязымбетов және Ислам Байрамуков, сондай-ақ Алмат Кебіспаев, Анна Алябьева, Ольга Тихонова және Денис Никишамен бірге 10 мың қадам жүрді.
Жол бойында спортшылар қала тұрғындарымен әңгімелесіп, естелік суретке түсті. Іс-шара соңында қатысушылар мен чемпиондардың қатысуымен фотосессия ұйымдастырылды.
Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов Спорт апталығының дәл осы форматтағы іс-шарадан басталуының символдық мәні бар екенін атап өтті.
«Спорт қазақстандықтардың күнделікті өмірінің бір бөлігіне айналып келеді. Таңертеңгілік ашық жаттығулар мен бұқаралық іс-шараларға тұрғындардың белсенді қатысуы – соның айқын дәлелі. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, спорт саласында ауқымды реформалар жүргізіліп жатыр. Негізгі бағыттардың бірі – балалар және бұқаралық спортты дамыту. Біздің мақсатымыз – спортты баршаға қолжетімді ету және белсенді, саламатты өмір салтын әрбір қазақстандықтың күнделікті дағдысына айналдыру», – деді министр.
Спорт апталығы жыл сайын тамыз айының үшінші жексенбісінде атап өтілетін Спорт күніне орай ұйымдастырылып отыр. Ашық жаттығу және олимпиадашылармен бірге «10 000 қадам» іс-шарасы — Спорт күні қарсаңындағы спорт апталығының басы. Мерекеге орай еліміздің барлық өңірінде 250-ден астам спорттық іс-шара өткізіледі. Олардың қатарында ашық жаттығулар, жүгіру жарыстары, веложарыстар, түрлі турнирлер мен спорт фестивальдері бар.
«Бүгінде халықтың 44%-дан астамы дене шынықтыру және спортпен тұрақты айналысады. Балалар мен жасөспірімдер арасында бұл көрсеткіш 34%-дан асып, шамамен 1,8 млн балаға жетті. Біздің міндетіміз – осы көрсеткішті арттыру. 2029 жылға қарай бұқаралық спортпен қамтуды 50%-ға жеткізуді жоспарлап отырмыз», – деп атап өтті министр.
Айта кетейік, «10 000 қадам» іс-шарасы «Спортшылар кеңесінің» ұйымдастыруымен өтті. Жаңа спорт алаңдары мен секцияларын ашу бойынша жұмыс жүргізіліп жатыр, инфрақұрылым дамып, балалар спортын қаржыландыру жүйесі өзгеруде. Өткен жылы елде 147 спорт нысаны салынды, олардың әрбір үшіншісі – ауылдық жерде. Балалар-жасөспірімдер спорт мектептеріне (БЖСМ) жан басына шаққандағы қаржыландыру алғаш рет енгізілді – соның нәтижесінде бір балаға шаққандағы қаржыландыру екі есеге жуық артты. БЖСМ жаттықтырушыларының еңбекақысы кезең-кезеңімен көтеріліп жатыр.
Бүгінде 220 мыңнан астам бала спорт секцияларында тегін шұғылданады. Сонымен бірге шамамен 400 мың бала БЖСМ-де жаттығады.