Алматы, Шымкент, Қызылорда облысы мен Теміртауда көлік, спорт, тұрғын үй, ауыл шаруашылығы және еңбек қауіпсіздігі мәселелері талқыланды
Қазақстанның төрт өңірінде «Әділет» партиясының өкілдері тұрғындармен және еңбек ұжымдарымен кездесулер өткізді. Алматыда метрополитенді дамыту мәселелері көтерілсе, Шымкентте спорт саласы мен тұрғын үй мәселелері сөз болды. Қызылорда облысында ауыл тұрғындарының проблемалары талқыланып, Теміртауда өндірістегі еңбек жағдайы мен қауіпсіздік мәселелеріне назар аударылды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Алматыда «Әділет» партиясының өкілдері Алматы метрополитенінің ұжымымен кездесті. Кездесуде көлік инфрақұрылымын дамыту, метро жұмысының қауіпсіздігі мен тиімділігін арттыру, сондай-ақ сала мамандарының еңбек жағдайын жақсарту мәселелері талқыланды.
Алматы метрополитені қаланың көлік жүйесіндегі стратегиялық маңызы бар нысандардың бірі саналады. Күн сайын оның қызметін шамамен 100 мың жолаушы пайдаланады. Метро жол инфрақұрылымына түсетін жүктемені азайтып, қоғамдық көлік жүйесін дамытуға ықпал етеді.
Кездесуге Құрылтай депутаттығына кандидаттар Сергей Пономарев, Бурихан Нурмухамедов және Айжан Скакова, сондай-ақ сайлауалды штаб мүшелері Марк Бейдали, Бахтияр Камалов және Ержан Медеуов қатысты.
Ашық диалог барысында метрополитен қызметкерлері еңбек жағдайын жақсарту, көлік инфрақұрылымын одан әрі дамыту және сала мамандарын қолдау жөнінде ұсыныстарын жеткізді.
«Алматы сияқты ірі мегаполис үшін тиімді әрі қауіпсіз қоғамдық көлік жүйесін дамыту – стратегиялық міндеттердің бірі. Метрополитеннің тұрақты жұмысы ең алдымен осында еңбек ететін мамандардың кәсібилігі мен жауапкершілігіне байланысты. Сондықтан саланы одан әрі дамыту барысында қызметкерлердің ұсыныстарын тыңдап, олардың еңбек жағдайына ерекше көңіл бөлу маңызды», – деді Құрылтай депутаттығына кандидат Сергей Пономарев.
Шымкентте «Әділет» партиясының өкілдері спорт саласының қызметкерлерімен кездесті. Қатысушылар бұқаралық спортты дамыту, балалар мен жасөспірімдерге жағдай жасау, спорт нысандарының материалдық-техникалық базасын жаңарту мәселелерін талқылады.
Кездесуде тұрғын үй және жұмыспен қамту мәселелері де көтерілді. Құрылтай депутаттығына кандидат Нұрлан Бекназаров партияның сайлауалды бағдарламасында қарастырылған жоспарларға тоқталды.
«Қазір тұрғындарды алаңдатып отырған өзекті мәселелердің бірі – баспана. Осы бағытта алдағы бес жылда 30 мың адамды апатты үйлерден көшіру және 3 мың отбасын тұрғын үймен қамтамасыз ету жоспарланып отыр. Сонымен бірге әрбір қазақстандықты орта есеппен 30 шаршы метр тұрғын үймен қамтамасыз ету мақсаты қойылған», – деді ол.
Өз кезегінде Бахадыр Нарымбетов халықтың тұрақты жұмыспен қамтылуы мен табыс деңгейінің маңызын атап өтті.
«Алдағы кезеңде лайықты жалақысы бар 1 миллион сапалы жұмыс орнын құру көзделіп отыр. Сонымен бірге азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытында да ауқымды міндеттер қойылған. Бұл бастамалардың барлығы азаматтардың табысын арттырып, өмір сүру сапасын жақсартуға бағытталған», – деді Бахадыр Нарымбетов.
Спорт мамандары жаттығу залдары мен спорт алаңдарын жаңарту, қажетті құрал-жабдықтармен қамтамасыз ету, жасөспірімдер арасында спорттың қолжетімділігін арттыру және жаттықтырушылардың еңбегін ынталандыру мәселелерін де көтерді.
Қызылорда облысының Сырдария ауданындағы Бесарық және Қоғалыкөл ауылдарында кездесулер өтті. Ұйымдастырушылардың мәліметінше, сайлауалды үгіт-насихат жұмыстары басталғалы бері «Есіктен есікке» акциясы аясында шамамен 48 мың адаммен тікелей диалог жүргізілген.
Құрылтай депутаттығына кандидаттар Мұрат Әбенов, Серік Қожаниязов, Нүркен Бақытбекұлы және Мағжан Ералиев ауыл тұрғындарымен кездесіп, оларды алаңдатқан мәселелерді талқылады.
Қоғалыкөл ауылында кандидаттар «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауының жеңімпаздары Рүстемовтер отбасында болды. Кездесуде бала тәрбиесі, отбасылық құндылықтарды сақтау, қоғамдық белсенділік және отбасыларды қолдау шаралары сөз болды.
Жеке кәсіпкерлікті дамыту және жастар бастамаларын қолдау мәселелеріне де назар аударылды. Жас кәсіпкерлер Макаш Нұрбол мен Аида Нартайқызы өз тәжірибелерімен бөлісіп, ауылдық жерлерде кәсіпті дамытуға, жаңа жұмыс орындарын ашуға және жастардың бастамаларын жүзеге асыруға жағдай жасау жөнінде ұсыныстарын айтты.
Бесарықта кандидаттар шаруа қожалықтарының өкілдерімен және ауыл еңбеккерлерінің отбасыларымен кездесті. «Шыңғыс» шаруа қожалығының төрағасы Шыңғыс Сабырмен және Гүлмира Сыздықбаеваның отбасымен болған әңгімеде ауыл шаруашылығының жағдайы, еңбек адамының рөлі және ауыл кәсіпкерлерін қолдау шаралары талқыланды.
Білім беру мәселелері де назардан тыс қалған жоқ. Ауылда еңбек етіп жүрген Ғазиз Құламқадиров пен Ақжанат Өтеповамен кездесуде білім сапасы, жас мамандарды қолдау, ауыл жастарының мүмкіндіктерін кеңейту және кәсіби дамуына жағдай жасау мәселелері қозғалды.
Осылайша, ауыл тұрғындарын алаңдататын мәселелердің бір ғана саламен шектелмейтіні байқалды. Бір отбасыларды бала тәрбиесі мен әлеуметтік қолдау мәселелері толғандырса, жас кәсіпкерлер үшін бизнесті дамыту мүмкіндіктері маңызды. Фермерлер ауыл шаруашылығының жағдайы мен кәсіп жүргізу мәселелерін көтерсе, жас мамандар білім сапасы мен кәсіби өсу перспективаларына тоқталды.
Теміртауда «Әділет» партиясының өкілдері Qarmet металлургиялық комбинатының ЛПЦ-1 және АГП бөлімдерінің еңбек ұжымымен кездесті. Кездесуге Құрылтай депутаттығына кандидаттар Вадим Басин мен Никита Шаталов, сондай-ақ Қарағанды облыстық сайлауалды штабының мүшелері қатысты.
Кездесуде өндірістегі қауіпсіздік, еңбек жағдайы, қызметкерлерді әлеуметтік қолдау, инфрақұрылымды жаңғырту, кадр даярлау және жастарды жұмысшы мамандықтарға тарту мәселелері талқыланды.
«Өнеркәсіп – өңір экономикасының негізі. Сондықтан жұмысшылардың құқықтарын қорғау, қауіпсіз еңбек жағдайларын қамтамасыз ету және әлеуметтік қолдау шараларын кеңейту әрдайым біздің назарымызда болады. Біз еңбек адамының өмір сүру сапасын арттыруға және кәсіпорындардың өндірістік әлеуетін дамытуға бағытталған нақты шешімдерді қолдаймыз», - деді Құрылтай депутаттығына кандидат Никита Шаталов.
Кәсіпорын жұмысшылары да саланы дамыту және өндірістегі қауіпсіздік мәселелеріне қатысты өз ұсыныстарын білдірді.