Тамыз айындағы ҰБТ 14 тамызға дейін жалғасады
Елімізде тамыз айындағы Ұлттық бірыңғай тестілеу басталды. Тестілеуге 30 мыңнан астам талапкер қатысуға өтініш берген, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Ғылым және жоғары білім министрлігінің мәліметінше, талапкерлердің 65%-ы тестілеуді қазақ тілінде, 35%-ы орыс тілінде тапсырады. Ал 100 талапкер ҰБТ-ны ағылшын тілінде таңдаған.
Тестілеудің алғашқы күнінде 6,7 мыңнан астам талапкер білімін сынайды. ҰБТ-ға биылғы және өткен жылдардағы мектеп пен колледж түлектері, қандастар, шетелде орта білім алған азаматтар қатыса алады. Сонымен қатар шығармашылық білім беру бағдарламаларынан басқа бағыттарға немесе басқа білім беру бағдарламаларынан педагогикалық бағыттарға ауысқысы келетін студенттер де тест тапсыра алады.
Өткен оқу жылында жоғары оқу орнына ақылы негізде қабылданып, бірақ қажетті шекті балды жинай алмағандар да тамыздағы ҰБТ-ға қатысуға құқылы.
Ал колледжді биыл немесе бұған дейін аяқтап, өз мамандығы бойынша жоғары оқу орнында ақылы негізде білімін жалғастырғысы келетіндер үшін басқа тәртіп қарастырылған. Олар университеттің қабылдау комиссиясы арқылы әңгімелесу нәтижесімен оқуға түсе алады.
Тамыз айындағы ҰБТ 14 тамызға дейін жалғасады.