Respublica «Алматылық бояулар» кәсіпорнының ұжымымен өндіріс мәселелерін талқылады

Автор: Аягөз Құрмаш

Партияның тең төрағасы Максим Барышев өндірісті дамыту бағытын түсіндірді

Фото: Respublica партиясының баспасөз қызметі

Respublica партиясының республикалық сайлауалды штабы Жетісу облысындағы жұмыс сапары аясында Талдықорған қаласындағы «Алматылық бояулар» ЖШС ұжымымен кездесті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

2009 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан кәсіпорын бүгінде еліміздегі лак-бояу өндірісінің көшбасшыларының бірі саналады. Зауыт коррозияға қарсы, гидрооқшаулағыш және жылу оқшаулағыш жабындар, жол белгілеріне арналған термопластиктер мен өзге де жоғары технологиялық өнімдер шығарып, ішкі нарықты отандық өніммен қамтамасыз етіп келеді.

Кездесу барысында импорттық шикізатқа тәуелділік, қазақстандық өндірушілердің реттелетін сатып алуларға қолжетімділігі және білікті кадр тапшылығы мәселелері көтерілді.

Партияның тең төрағасы Максим Барышев өндірісті дамыту үшін түсінікті әрі тиімді экономикалық саясат қажет екенін айтты.

«Біз жалақы қорына түсетін жиынтық жүктемені 40 пайыздан 20 пайызға дейін төмендетуді және корпоративтік табыс салығын 20 пайыздан 10 пайызға дейін азайтуды ұсынамыз. Мұндай шешімдер отандық өндірістің бәсекеге қабілетін арттырып, кәсіпорындардың тұрақты дамуына серпін береді», – деді ол.

Партияның тең төрағасы Сырымбек Тау Respublica-ның әлеуметтік бағыттағы бастамаларына тоқталды. Оның айтуынша, партия жастардың денсаулығы мен қауіпсіздігін қорғауға ерекше мән береді. Осы бағытта вейптерге толық тыйым салу, лудоманиямен күрес, құмар ойындарға қойылатын шектеулерді күшейту және микронесиелер бойынша мөлшерлемелерді төмендету жөніндегі бастамалар жүзеге асырылды.