Respublica Алматыдағы IC Group ұжымымен кездесті

Автор: Аягөз Құрмаш

Бүгінде бұл кәсіпорында 3 мыңнан астам адам еңбек етеді

Фото: Respublica партиясының баспасөз қызметі

Respublica партиясының Республикалық сайлауалды штабының Алматы қаласындағы жұмыс сапары еліміздегі ең ірі клинингтік компаниялардың бірі – IC Group еңбек ұжымымен кездесумен жалғасты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Кездесу барысында кәсіпкерлер мен еңбек ұжымдарын толғандыратын өзекті мәселелер кеңінен талқыланды. Атап айтқанда, отандық өндірісті дамыту, салық саясаты және әлеуметтік бағыттағы бастамалар сөз болды.

Құрылтай депутаттығына кандидат Мақсат Кікімов Respublica партиясы кәсіпкерлердің мүддесін жүйелі түрде қорғап келе жатқанын айтып, бизнестің дамуына мүмкіндік беретін әділ салық саясатын қалыптастыру партияның басты ұстанымдарының бірі екенін атап өтті.

Оның ойын партияның тең төрағасы Динара Шүкіжанова жалғастырып, мемлекет ең алдымен қазақстандық өндірушілерге қолайлы жағдай жасап, отандық өнімге деген сұранысты арттыруға басымдық беруі қажет екенін жеткізді.

Партия төрағасының орынбасары Олжас Күспеков экономикалық патриотизмді нығайтудың маңызын атап өтті. Оның айтуынша, жұмыс орындарын ашып, ел экономикасына инвестиция құйып отырған кәсіпорындарды жан-жақты қолдау – мемлекеттің негізгі міндеттерінің бірі.

Ал Құрылтай депутаттығына кандидат Екатерина Смолякова партияның қызметі тек экономикалық бастамалармен шектелмейтінін айтты. Оның сөзінше, Respublica инклюзивті ортаны дамыту, отбасыларды қолдау және ерекше қажеттілігі бар азаматтардың өмір сапасын жақсарту бағытындағы әлеуметтік бастамаларды да тұрақты түрде ілгерілетіп келеді.