Каспийдегі майлы дақтардың себебі анықталып жатыр
Каспий теңізінің Аташ жағажайы маңындағы су бетінде майлы дақтар анықталды. Маңғыстау облысы бойынша экология департаментінің мамандары мониторинг жүргізіп, зертханалық талдау жасау үшін теңіз суынан сынама алды. Бұл туралы Azattyq Rýhy агенттігі Lada.kz-ке сілтеме жасап хабарлайды.
Теңіз суынының ластанғаны туралы видео әлеуметтік желіде жарияланды.
«Жағасы сарғайып, солярканың жағымсыз иіс шығып тұр. ТЖМ жігіттері суға солярка төгілген айтты», – дейді видео түсірген ер адам.
Майлы дақтардың анықталғаны туралы ақпарат 8 тамызда түскен. Осыған байланысты Экология департаментінің мамандары Аташ жағалауы мен оған іргелес Каспий теңізінің аумағын тексерді.
«Мониторинг барысында теңіз суынан сынамалар алынды. Олар зертханалық зерттеуге жіберілді», – деп хабарлады экологтар.
Қазіргі уақытта Аташ аумағы мен оған іргелес теңіз бөлігіндегі мониторинг жұмыстары жалғасып жатыр.
Ведомство мамандары теңізде қызмет атқаратын кемелердің экипаждары мен айлақ иелеріне экологиялық талаптарды қатаң сақтап, мұнай өнімдерінің теңіз суына төгілуіне жол бермеу қажеттігін ескертті.
Жағдай облыстық экология департаментінің бақылауында. Экологтар зертханалық зерттеулердің нәтижесі кейінірек жарияланатынын мәлімдеді.