Оралда Қосшығұловтар әулетінің тарихы туралы фильм түсіріліп жатыр
Орал қаласында «Қосшығұлов. Шоколад фабрикасы» тарихи драмасы түсіріліп жатыр. Фильм XIX ғасырдың соңы мен XX ғасырдың басында өмір сүрген Баймұхамбет және Құрманғали Қосшығұловтардың өмірі мен кәсіпкерлік қызметіне арналған, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Түсірілім жұмысы Орал қаласы мен Бөкей Ордасында өтіп жатыр. Фильмде XIX ғасырдың соңы мен XX ғасырдың басындағы кезеңді көрсету үшін өңірдегі тарихи ғимараттар мен сәулет нысандары пайдаланылып жатыр.
1895 жылы Баймұхамбет Қосшығұлов пен оның ұлы Құрманғали Ақмолада кондитерлік фабрика ашқан. Кәсіпорында шоколад, кәмпит, пірәндік, печенье, зефир және басқа да өнімдер өндірілген. Фабрика өнімдері Қазақстаннан тыс аймақтарға да жөнелтілген. 1915 жылы кәсіпорынға «Ресей император мәртебесінің сарайына тапсырушы» деген құрметті атақ берілген.
Қосшығұловтар әулеті кондитерлік өндірістен бөлек, тері өңдеу және кірпіш өндірумен де айналысқан.
Қосшығұловтар әулетінің тарихы тек кондитерлік өндіріс ашумен шектелмейді. Фильмде олардың кірпіш өндірісі, тері өңдеу, технологияға қызығушылығы және автомобиль жасауға деген ұмтылысы да көрініс табады.
Әулеттің өкілі Құрманғали Қосшығұлов қазақ даласына алғашқы автомобильдердің бірін әкеліп қана қоймай, Ақмолада автомобиль зауытын салуды жоспарлаған. Бұл үшін Германияның «Opel» компаниясынан төрт инженер шақыртуға әрекет жасағаны туралы тарихи деректер бар.
Осы деректер фильмнің негізгі идеясының өзегіне айналады: қазақ қоғамында индустриялық ойлау, кәсіпкерлік сана және технологияға қызығушылық XX ғасырдың басында-ақ қалыптаса бастаған.
«Қазақ тек мал бақпаған, техниканы меңгеріп, темір-терсектің тілін тапқан, инженерия мен қаржылай сауаттылыққа бейім болған дегенді айтқымыз келеді», – дейді Жандос Құсайынов.
«Қосшығұлов. Шоколад фабрикасы» – бірнеше жылдық архивтік ізденістің нәтижесі.
Жоба авторлары Омбы мен Санкт-Петербург архивтеріндегі деректермен де жұмыс істеген. Сонымен қатар Қосшығұловтар әулетін жиырма жылдан астам уақыт зерттеп келе жатқан зерттеуші Ерлан Күзекбайдың жинаған фотосуреттері, құжаттары мен газет қиындылары сценарийдің қалыптасуына негіз болған.
Фильм оқиғалары негізінен сол кезеңдегі Ақмолада өрбігенімен, түсірілімнің маңызды бөлігі Орал мен Бөкей Ордасында өтіп жатыр.
Түсірілім тобының Батыс Қазақстан өңірін таңдауының басты себебі – мұнда XIX ғасырдың соңы мен XX ғасырдың басындағы сәулет пен тарихи кеңістіктің бірқатар элементтері жақсы сақталған.
Оралдың көне ғимараттары мен тарихи ортасы экранда сол дәуірдің қалалық атмосферасын жасауға мүмкіндік береді. Бөкей Ордасының тарихи-мәдени мұрасы да фильмнің көркемдік шешіміне маңызды үлес қосады.
Фильмнің бас продюсері Сұлтан Срайыл Оралдың тарихи-мәдени және архитектуралық нысандарының жақсы сақталуы түсірілім тобы үшін маңызды фактор болғанын атап өтті.
Тарихи фильмнің өндірісі ауқымды дайындықты талап етеді. XX ғасыр басындағы Ақмоланың атмосферасын қайта жасау үшін арнайы декорациялар, костюмдер, реквизиттер мен сол кезеңге тән қалалық кеңістік дайындалуда.
Актерлерді іріктеу кезінде сыртқы ұқсастықпен қатар, кейіпкердің дәуірін, мінезін және ішкі болмысын жеткізу қабілетіне ерекше мән берілген. Актерлер сол заманның сөйлеу мәнерін, этикетін, киім мәдениетін және кәсіпкерлік ортасын зерттеп, арнайы дайындықтан өтуде.
Фильмнің режиссері – Жандос Құсайынов, бас продюсері – Сұлтан Срайыл. «Қосшығұлов. Шоколад фабрикасы» Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің тапсырысы бойынша, Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығының қолдауымен түсіріліп жатыр. Фильм өндірісін 2026 жылдың соңына дейін аяқтау жоспарланып отыр. Көрерменге картинаны келесі жылы ұсыну көзделген, ал нақты премьера күні кейін қосымша жарияланады.
«Қосшығұлов. Шоколад фабрикасы» – бір әулеттің тарихы ғана емес. Бұл – қазақ қоғамында кәсіпкерлік мәдениет, өндірістік ойлау және технологияға ұмтылыс қалыптаса бастаған кезеңді экран арқылы қайта танытатын тарихи туынды.