«10 млрд теңге өтемақы»: Нұрай Серікбайдың ағасы талабының себебін түсіндірді (ВИДЕО)

Автор: Аягөз Құрмаш

Оның айтуынша, бұл шешімнің екі түрлі себебі бар

Фото: видеодан скриншот

Марқұм Нұрай Серікбайдың ағасы Сұлтан Серікбай айыпталушы тараптан 10 миллиард теңге өндіру талабының астарына тоқталды,деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Күдікті бұл көлемдегі шығынды өтей алмайтындықтан, жазасын жеңілдетуге немесе шартты түрде мерзімінен бұрын босап шығуға мүмкіндік алмайды.

Заң бойынша өтемақы мөлшерін жәбірленуші тарап өзі белгілеуге құқылы, ал соңғы нүктені сот қояды.

 «Біріншіден, бұл – заңды тәсіл. Мұндай орасан соманы төлей алмаған қылмыскер жазасын жеңілдете алмайды және шартты түрде бостандыққа шыға алмайды. Бұл қарыз оған өмір бойы жүктеледі. Екіншіден, жәбірленуші тарап ретінде кез келген соманы сұрауға құқымыз бар, ал түпкілікті соманы сот шешеді. Біз өз тарапымыздан осы шешімді толық әрі дұрыс деп шештік», - деді Сұлтан Серікбай.

Естеріңізге сала кетейік, 21 жастағы Нұрай Серікбайды Шерхан Аймахан атты жас жігіт пышақтап өлтірген еді. Ең сорақысы, марқұм қыз қыр соңынан қалмаған жігітке қатысты құқық қорғау органдарына арыз жазған. Бірақ, жергілікті полиция мен прокуратура арызға мән бере қарамаған.