Ақтауда Caspian Clean Challenge халықаралық экологиялық марафоны өтті

Автор: Дәулет Ботагөз

Марафон плоггинг форматында өтті

Фото: Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметі

Ақтауда Халықаралық волонтерлер жылы аясында ұйымдастырылған Caspian Sea Action Week 2026 халықаралық волонтерлік апталығы шеңберінде Caspian Clean Challenge экологиялық марафоны өтті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Іс-шараның басты мақсаты – Каспий теңізінің экожүйесін сақтауға қоғам назарын аударту, экологиялық мәдениетті қалыптастыру және волонтерлік бастамаларды қолдау.

Марафон плоггинг форматында өтті. Қатысушылар Каспий жағалауын қоқыстан тазарта жүріп, спортпен шұғылданды. Экологиялық акцияға Қазақстан, Әзербайжан, Ресей, Иран, Түрікменстан, Қырғызстан, Тәжікстан және Өзбекстаннан келген волонтерлер қатысты. Бірнеше елдің волонтерлері бас қосқан бастама Каспий маңы елдерінің табиғатты қорғаудағы ортақ жауапкершілігін айқындады.

Марафон аясында арнайы экологиялық қалашық та болды. Онда эковолонтерлік ұйымдардың жобалары, жасыл технологиялар мен саладағы жаңашылдықтар таныстырылды. Қатысушыларға қалдықтарды сұрыптау жолдары көрсетіліп, шеберлік сабақтары мен викториналар ұйымдастырылды.