«Әділет» партиясы өңірлерді аралап, отандық өндіріс пен ауыл халқының түйткілдерін талқылады

Автор: Дәулет Ботагөз

Партия мүшелері Алматы, Астана қалалары мен Батыс Қазақстан облысында кезекті үгіт-насихат кездесулерін өткізді

Фото: «Әділет» партиясы

«Әділет» партиясының сайлауалды штабы Алматы, Астана қалалары мен Батыс Қазақстан облысында кезекті үгіт-насихат кездесулерін өткізді. Партия өкілдері отандық өндірісті қолдау, экологиялық бастамалар және ауылдық жерлердегі несие жүктемесін азайту мәселелерін сөз етті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Үгіт-насихат науқаны аясында партия өкілдері Samal Water брендімен өнім шығаратын «Керемет Су СКЕ» ЖШС-нің еңбек ұжымымен кездесті. Кездесу барысында Құрылтай депутаттығына кандидаттар партияның «Әділетті болашақ үшін» сайлауалды бағдарламасының негізгі басымдықтарын таныстырып, отандық өндірісті дамыту, кәсіпкерлікті қолдау және еңбек адамының мәртебесін арттыру мәселелерін талқылады.

Кездесуге «Әділет» партиясынан Құрылтай депутаттығына кандидаттар Дәурен Маралов, Зүлфия Байсақова және Серік Есматов, сондай-ақ қалалық сайлауалды штаб мүшелері Серікболсын Сарыбаев, Руслан Ковтунов, Виктор Елисеев және Дана Кошанова қатысты.

Samal Water брендімен өнім өндіретін «Керемет Су СКЕ» ЖШС – Қазақстандағы ауыз су өндіретін отандық кәсіпорындардың бірі. Кәсіпорын елдің түрлі өңірлерін сапалы өніммен қамтамасыз етіп, жаңа жұмыс орындарын ашуға және ұлттық экономиканың дамуына өз үлесін қосып келеді.

Кездесу барысында партия өкілдері сайлауалды бағдарламаның негізгі бағыттарына кеңінен тоқталды. Әсіресе өндірісті дамыту, кәсіпкерлікке қолайлы жағдай жасау, жаңа жұмыс орындарын құру, еңбеккерлердің әлеуметтік қорғалуын күшейту және азаматтардың әл-ауқатын арттыру мәселелеріне ерекше назар аударылды.

Іс-шара ашық диалог форматында өтті. Кәсіпорын қызметкерлері өздерін толғандырған сауалдарын қойып, ұсыныстарын білдіріп, өндіріс саласын дамытуға қатысты өз пікірлерімен бөлісті.

«Еліміздің экономикалық қуаты ең алдымен отандық өндірістің дамуына және еңбек адамының әлеуетіне байланысты. Сондықтан қазақстандық кәсіпорындарды қолдау, кәсіпкерлікті дамыту және адал еңбекке лайықты жағдай жасау – партиямыздың басты басымдықтарының бірі. Осындай кездесулер арқылы біз өндіріс саласында еңбек етіп жүрген азаматтардың нақты ұсыныстарын тыңдап, оларды алдағы жұмысымызда ескеруге мүмкіндік аламыз», – деді «Әділет» партиясынан Құрылтай депутаттығына кандидат Дәурен Маралов.

Кездесу соңында партия өкілдері еңбек ұжымын «Әділетті болашақ үшін» сайлауалды бағдарламасын қолдауға және алдағы сайлауға белсенді қатысуға шақырды.

Сонымен қатар «Әділет» партиясының сайлауалды науқаны аясында елорданың коммуналдық кәсіпорындары қызметкерлерімен кездесу өтті. Басқосуда қаланың тазалығы мен абаттандырылуы, экологиялық ахуалды жақсарту, инфрақұрылымды дамыту және коммуналдық салада еңбек ететін азаматтарды қолдау мәселелері талқыланды.

Жиынға «Әділет» партиясынан Құрылтай депутаттығына кандидаттар Жұлдыз Данбаева мен Кендебай Адамбек қатысты.

Күн сайын елорданың тазалығы мен қалыпты тіршілігін қамтамасыз етіп жүрген коммуналдық сала мамандарының еңбегі ерекше атап өтілді. Қатысушылар еңбек адамына құрмет көрсету, оның әлеуметтік жағдайын жақсарту, қауіпсіз әрі лайықты еңбек жағдайын қамтамасыз ету мәселелеріне назар аударды.

Жиын барысында «Таза Қазақстан» жалпыұлттық акциясының маңызы да сөз болды. Коммуналдық кәсіпорын қызметкерлері бұл бастаманың қаланы таза ұстаумен ғана шектелмей, қоғамның қоршаған ортаға деген жауапкершілігін арттыруға ықпал ететінін атап өтті.

«Әділет» партиясы елорданың экономикалық дамуы қоршаған ортаның сапасын жақсартумен қатар жүруі тиіс деген ұстанымды алға тартады. Партия қаланы көгалдандыру жұмыстарын жүйелі жалғастыруды, жаңа саябақтар мен жасыл аймақтарды көбейтуді, отырғызылған ағаштардың күтімі мен сақталуына жауапкершілікті күшейтуді маңызды деп санайды. Сонымен қатар ауаның ластануын азайту, қоқысты дұрыс жинау, сұрыптау және қайта өңдеу жүйесін жетілдіру, экологиялық талаптарға сай қоғамдық көлікті дамыту да басым бағыттардың қатарында.

Ғимараттардың энергия тиімділігін арттыру, ауа мен су сапасын тұрақты бақылау, заманауи экологиялық технологияларды енгізу және қоршаған ортаға әсер ететін жобалар туралы ақпараттың ашықтығын қамтамасыз ету қажеттігі де айтылды.

«Астана су арнасы» МКК баспасөз орталығының басшысы Берік Төлегенов партия бағдарламасындағы бастамалардың коммуналдық сала қызметкерлерінің күнделікті еңбегімен тікелей сабақтас екенін атап өтті.

«Бүгін бізге партия бағдарламасының жеті негізгі бағыты таныстырылды. Өзім бұл бастамалармен партия қатарына қосылмай тұрып та танысып шықтым. Сонда менде: «Біз өз тарапымыздан не істей аламыз?» деген сұрақ туды. Кейде үлкен мәселелерді сөз етпес бұрын, әрқайсымыз өз қаламызға, өз жұмысымызға жауапкершілікпен қараудан бастауымыз керек. «Астана су арнасында» екі жарым мыңға жуық адам еңбек етеді. Мен суды тікелей жүйеге жіберіп, кран бұрап жүрген маман болмасам да, олардың күн сайын тынымсыз еңбек етіп, қаланы сумен үздіксіз қамтамасыз етіп отырғанын өз көзіммен көріп жүрмін. Сондықтан «Әділет» партиясының еңбек адамын қолдауға бағытталған бастамалары менің де ұстанымыммен үндеседі. Біз қаламыздың игілігі үшін аянбай еңбек етеміз. Ал біздің таңдауымыз – «Әділет» партиясы», – деді «Астана су арнасы» МКК баспасөз орталығының басшысы Берік Төлегенов.

Партия өкілдері экологиялық мәселелерді шешуде тұрғындардың белсенді қатысуының маңызына да тоқталды. Азаматтар өздері тұратын қаланың экологиялық ахуалы туралы толық әрі ашық ақпарат алуға, қоршаған ортаға ықпал ететін жобаларды талқылауға және маңызды шешімдерді қабылдау үдерісіне қатысуы тиіс.

Кездесу соңында қатысушылар таза әрі жайлы қала қалыптастыру тек коммуналдық қызметтердің міндеті емес, бүкіл қоғамға ортақ жауапкершілік екенін атап өтті. Мемлекет, бизнес, тұрғындар мен коммуналдық кәсіпорындардың бірлесе әрекет етуі елорданың өмір сүруге қолайлы, жасыл әрі қауіпсіз қала ретінде дамуына негіз болмақ.

 Ал «Әділет» партиясының «Мобильді керуен» үгіт-насихат тобы Сырым ауданының орталығы Жымпиты ауылында болып, жергілікті тұрғындармен ашық пікір алмасты. Жаңадан бой көтерген аудандық кітапхана ғимаратында өткен кездесуде ауыл халқының өзекті мәселелері талқыланып, партияның сайлауалды бағдарламасының негізгі бағыттары таныстырылды. Кездесуді «Әділет» партиясы Саяси кеңесінің мүшесі Алима Дүйісмағамбетова жүргізді. Ол «мобильді керуен» кездесуінің басты мақсаты – тек сайлауалды бағдарламаны таныстырумен шектелмей, тұрғындардың ұсыныс-тілектерін тыңдап, оларды шешудің нақты жолдарын бірге қарастыру екенін атап айтты.

Жүздесуге облыстық сайлауалды штаб жетекшісі Бауыржан Бектұрған, Құрылтай депутаттығына кандидат Тұрарбек Тлемісов, «Ауыл аманаты» бағдарламасы бойынша өңірлік сарапшы Алмагүл Исмагулова, сондай-ақ қаржылық сауаттылық саласының мамандары Анархан Құттығалиева және Сәкен Құбайдуллин қатысты. Кездесу барысында спикерлер әділеттілік, отансүйгіштік, адал еңбек, жауапкершілік және прогресс секілді бес негізгі құндылыққа тоқталып, олардың қоғам дамуы үшін маңызын түсіндірді.

Құрылтай депутаттығына кандидат Тұрарбек Тлемисов ауылдық жерлерде орта тапты қалыптастыру, шағын және орта бизнесті дамыту, отандық өнімді қолдау және «Қазақстанда жасалған» брендінің әлеуетін арттыру мәселелеріне ерекше назар аударды.Жиында тұрғындар үшін маңызы бар бірқатар әлеуметтік-экономикалық мәселе де көтерілді. Атап айтқанда, қаржылық сауаттылық пен несие жүктемесін азайту мәселесі талқыланды. «Қарызсыз қоғам» жобасының өңірдегі координаторы Анархан Құттығалиева азаматтарға несие берешегін реттеу, соттан тыс банкроттық рәсімі және төлем қабілеттілігін қалпына келтіру тетіктері бойынша түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, құқықтық кеңестер берді. Әсіресе әлеуметтік осал санаттағы азаматтардың құқықтарын қорғау мәселесіне басымдық берілді.

Сонымен қатар, ауыл тұрғындарына «Ауыл аманаты» бағдарламасының мүмкіндіктері түсіндірілді. Бағдарлама аясында берілетін 2,5 пайыздық жеңілдетілген несиеге қатысты талаптар, қажетті құжаттар және қаржыландыру тәртібі жөнінде ақпарат берілді. Тұрғындар несие беру мерзімін ұлғайту және ауданның табиғи-экономикалық ерекшеліктерін ескере отырып, ет бағытындағы мал шаруашылығы мен жылқы шаруашылығын қаржыландыру тетіктерін жетілдіру жөнінде ұсыныстарын жеткізді.

Кейін кездесу ашық алаң форматында жалғасып, тұрғындар кандидаттар мен мамандарға өздерін толғандырған сауалдарын тікелей қойды. Ең көп жолданған өзекті сұрақтар несие жүктемесі, қаржылық сауаттылық, соттан тыс банкроттық пен «Ауыл аманаты» бағдарламасының тиімділігі төңірегінде болды. Қаржылық сауаттылық саласының мамандары төлем қабілеттілігін қалпына келтіру тәртібін түсіндірді. Сонымен қатар, халықтың әлеуметтік осал топтарын несиелік зардаптардан заң арқылы қорғау тетіктерін күшейту жайы сөз болды. Екінші өзекті мәселе «Ауыл аманаты» бағдарламасын жүзеге асыру ережелеріне қатысты өрбіді. Сарапшылар несие алу үшін талап етілетін құжаттар тізімі едәуір қысқартылғанын жеткізді. Өз кезегінде ауыл халқы несие беру мерзімін ұзарту және Батыс Қазақстан өңірінің табиғи-экологиялық ерекшеліктеріне сай ет бағытындағы мал мен жылқы шаруашылығын қаржыландыру ережелеріне өзгерістер енгізу туралы ұсыныстарын да айтты.

Жиын соңында жеке несиелік немесе құқықтық түйткілдері бар азаматтар үшін партия өкілдері арнайы жеке қабылдау күндерін белгілеп, әрбір өтінішті жеке қарауға уәде берді.