Астанада түнде салют атқан екі тұрғын 5 тәулікке қамауға алынды (ВИДЕО)

Автор: Дәулет Ботагөз

Полиция департаменті азаматтардың тыныштығын бұзған тәртіп бұзушылардың сот шешімімен жазаланғанын хабарлады

Фото: Полиция департаментінің баспасөз қызметі

Астанада тұрғын үйлердің жанында түнде салют атқан екі азамат бес тәулікке әкімшілік қамауға алынды. Полиция департаменті азаматтардың тыныштығын бұзған тәртіп бұзушылардың сот шешімімен жазаланғанын хабарлады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Құқық қорғау органдарының мәліметінше, отшашуға байланысты екі оқиға сотқа жеткен. Бірінші жағдайда 50 жастағы ер адам болашақ келінінің туған күніне орай қонақүй маңында отшашу ұйымдастырған. Түнгі салют жақын маңдағы тұрғын үй кешендерінің тұрғындарына қолайсыздық тудырған. Сот оны ұсақ бұзақылық жасағаны үшін кінәлі деп танып, 5 тәулікке қамауға алды. Ал екінші жағдайда 26 жастағы азамат көпқабатты үйдің ауласында «Қыз ұзату» шарасына орай салют атқан. Сот оған да осындай әкімшілік жаза тағайындап, 5 тәулікке қамауға шешім шығарды.

Елордалық полицейлер пиротехниканы тұрғын үйлердің жанында, әсіресе түнде қолдану қоғамдық тәртіп пен азаматтардың тыныштығын бұзатынын, сондай-ақ қауіп төндіретінін ескертеді:

«Мерекелік іс-шаралар өзгелерге қолайсыздық тудырмай, тек қуанышты эмоциялар сыйлауы тиіс», — деп атап өтті полиция өкілдері.