Оның ішінде 186 заңбұзушылық жол қозғалысына қатысушылардың өмірі мен денсаулығына тікелей қауіп төндірген
Алматы қаласының прокуратурасы өңірде бір тәулік ішінде 1 789 жол жүрісі ережесін бұзу оқиғасы тіркелгенін хабарлады. Оның ішінде 186 заңбұзушылық жол қозғалысына қатысушылардың өмірі мен денсаулығына тікелей қауіп төндірген, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Құқық қорғау органдарының мәліметінше, жүргізушілер арасында ең жиі кездескен заңбұзушылықтардың қатарында қауіпсіздік белдігін тақпау, қауіпті маневр жасау және көлік жүргізу кезінде ұялы телефон пайдалану бар. Атап айтқанда, қауіпсіздік белдігін тақпаған 69 жүргізуші жауапкершілікке тартылса, жолда қауіпті маневр жасаудың 61 дерегі тіркелген. Сонымен қатар рөлде отырып ұялы телефон пайдаланған 29 жүргізуші анықталды.
Сонымен қатар, тәртіп сақшылары өмірге қауіп төндіретін өзге де ауыр заңбұзушылықтарды анықтады. Атап айтқанда, 13 жүргізуші көлікті мас кезінде басқарған, 10 автокөлік қарсы бағыттағы жолаққа шыққан. Бұдан бөлек, жалған мемлекеттік нөмір таққан 3 көлік және көлік жүргізу құқығынан айырылғанына қарамастан рөлге отырған 1 адам анықталды. Арнайы рейдтердің нәтижесінде 56 көлік құралы айып тұрағына қойылды.