Парламенттің жаңа архитектурасы: Ахмед Мұстафа бір палаталы Құрылтайға көшудің маңызы туралы

Автор: Алмас Ерсін

Мысырлық саясаттанушы Ахмед Мұстафаның пікірінше, бір палаталы Құрылтайға көшу заң шығару үдерісін жеделдетіп, бюрократиялық рәсімдерді қысқартуға мүмкіндік береді

Фото inbusiness.kz порталынан алынды

23 тамызда өтетін сайлаудың басты ерекшеліктерінің бірі – екі палаталы Парламенттен бір палаталы Құрылтайға көшу болмақ. Мысырлық саясаттанушы Ахмед Мұстафаның пікірінше, заң шығарушы биліктің жаңа құрылымы шешім қабылдау үдерісін жеделдетіп, қайталанатын рәсімдерді қысқартуға мүмкіндік береді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Алдағы сайлау жаңа Құрылтайдың алғашқы шақырылымының құрамын бекітеді. Оның құрамына партиялық тізім бойынша сайланатын 145 депутат енеді. Осылайша, дауыс беру жаңа Конституцияда бекітілген заң шығарушы биліктің жаңа моделіне іс жүзінде көшудің маңызды кезеңіне айналады.

Ахмед Мұстафа – мысырлық саясаттанушы, экономист, журналист әрі жазушы. Ол Азияны зерттеу және аударма орталығының директоры және Еуразия, халықаралық саясат пен мемлекеттік реформалар мәселелері бойынша халықаралық сарапшы ретінде жиі пікір білдіреді. Қазақстандағы алдағы сайлауды ол ең алдымен елдегі институционалдық өзгерістер тұрғысынан бағалайды.

Оның айтуынша, басты ерекшелік Парламенттің жаңа құрамын қалыптастыруда ғана емес, заң шығарушы органның құрылымының түбегейлі өзгеруінде жатыр.

«Алдағы сайлаудың басты ерекшелігі – елдің заң шығарушы жүйесінің түбегейлі өзгеруі. Жаңа Конституцияға сәйкес, екі палаталы Парламент партиялық тізім бойынша сайланатын 145 депутаттан тұратын бір палаталы өкілді орган – Құрылтайға айналады», – деді Ахмед Мұстафа.

Заң шығару қызметінің бір ғана өкілді органда шоғырлануы заң жобаларын қарау мен қабылдау тетігін өзгертеді. Осы тұрғыдан алғанда, 23 тамызда сайланатын Құрылтай заң шығару жұмысының толық циклін жүзеге асыратын негізгі парламенттік алаңға айналады.

Мысырлық саясаттанушы бір палаталы жүйеге көшудің практикалық нәтижесіне де ерекше тоқталды. Оның айтуынша, жаңа құрылым рәсімдердің күрделілігін азайтып, заңнамалық шешімдерді жедел қабылдауға мүмкіндік береді.

«Институционалдық жүйені осылайша жеңілдету биліктің шешім қабылдау үдерісін азаматтарға жақындатуға және заңдарды қабылдауды баяулататын қайталанатын бюрократиялық рәсімдерді жою арқылы заңнамалық реформаларды жеделдетеді», – деп атап өтті сарапшы.

Ахмед Мұстафаның бағалауынша, қайталанатын рәсімдердің қысқаруы – жаңа модельдің маңызды артықшылықтарының бірі. Заң шығарушы биліктің ықшамдалған құрылымы шешімдердің қабылдануын бірізді етіп, парламенттік тетіктің тиімділігін арттыра алады.

Осылайша, мысырлық саясаттанушының пікірінше, алдағы сайлау жаңа депутаттық құрамды қалыптастырумен ғана шектелмейді. Ол заң шығарушы биліктің жаңа архитектурасын іс жүзінде іске қосады. Бұл модельде бір палаталы Құрылтай жаңартылған парламенттік тетіктің тиімді жұмысын қамтамасыз етуі тиіс. Жаңа институционалдық мүмкіндіктер заң шығару үдерісін жеделдетіп, шешім қабылдау жүйесін бірізді әрі тиімді етуге жол ашады.