Кездесуге қатысушылар оқу мәдениеті мен кітапхана ісін дамыту мәселелеріне де ерекше назар аударды
Шымкентте «Әділет» партиясының төрағасы Айбек Дәдебайдың жетекшілігімен республикалық сайлауалды штаб мүшелері мәдениет және өнер саласының өкілдерімен кездесті. Кездесудің негізгі тақырыптары – оқу мәдениетін дамыту, ұлттық мәдени мұраны сақтау, театрлар мен креативті индустрияларды қолдау мәселелері, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Қазіргі қоғамдағы мәдениеттің рөлі туралы айтқан партия төрағасы Айбек Дәдебай сөз тек шығармашылық ұжымдарды қолдау мен креативті индустрияларды дамытумен шектелмейтінін жеткізді. Оның айтуынша, мәдениет – ұлттық бірегейліктің, қоғамдық келісімнің және конституциялық құндылықтарды сақтаудың маңызды негізі.
«Соңғы күндері қоғамға қазақтың мәдениеті мен ұлттық дәстүріне жат көзқарастарды таңуға бағытталған әрекеттердің қайта берең алғанын байқадық. «Әділет» партиясы мұндай әрекеттерді мүлде қабылдамайды. Қазақстан – зайырлы мемлекет, ал Конституция мен заң – қоғамдық өмірдің мызғымас негізі. Біз ұлттық бірлікті, халқымыздың мәдениеті мен дәстүріне деген құрметті қорғаймыз. Конституциялық нормаларды радикалды түсіндірмелермен алмастыруға бағытталған кез келген әрекетке құқықтық тұрғыдан нақты баға берілуі тиіс», - деді Айбек Дәдебай.
Кездесуге қатысушылар оқу мәдениеті мен кітапхана ісін дамыту мәселелеріне де ерекше назар аударды. Әл-Фараби атындағы қалалық ғылыми-әмбебап кітапхананың оқырмандарға қызмет көрсету бөлімінің меңгерушісі Ақбөпе Байділдаева жастар арасында кітап оқу мәдениетін қалыптастырудың маңызын атап өтті. Оның айтуынша, бүгінде бұл мәселе ерекше өзекті. Ал Мемлекет басшысының жеке үлгісі жас ұрпақ арасында кітап оқуды насихаттауға оң ықпал етіп жатыр.
Сұраққа жауап берген Құрылтай депутаттығына кандидат Жанарбек Әшімжанов партия Президенттің зияткер ұлт қалыптастыру және оқу мәдениетін дамыту бағытын қолдайтынын айтты.
«Партияның сайлауалды бағдарламасында «Оқитын ұлт» жалпыұлттық бағдарламасын іске асыру көзделген. Біз кітапхана ісі мен кітап басып шығару туралы заң қабылдауды, Ұлттық цифрлық кітапхана платформасын құруды, кітапхана қорларын жыл сайын жаңартып отыруды, сондай-ақ балаларға, жасөспірімдерге және ғылыми-көпшілік әдебиетке қолдауды кеңейтуді ұсынамыз», - деді Жанарбек Әшімжанов.
Ж. Шанин атындағы Шымкент қалалық академиялық қазақ драма театрының директоры Дархан Балажанов театр өнерін одан әрі қолдау және ұлттық драматургияны дамыту мәселесін көтерді. Сұраққа жауап берген Құрылтай депутаттығына кандидат Дихан Қамзабекұлы театр ұлттық мәдениеттің сақтаушысы ғана емес, қоғамдық сананы қалыптастырудың маңызды құралы екенін айтты.
«Біз жас таланттарды қолдауды, ұлттық драматургияны дамытуды және отандық шығармашылық өнімді ілгерілетуді маңызды деп санаймыз. Заманауи режиссерлік тәсілдерді, цифрлық форматтарды кеңінен енгізіп, креативті индустрияларды дамыту қажет. Бұл қазақстандық театрдың елімізде ғана емес, халықаралық деңгейде де бәсекеге қабілетті болуына мүмкіндік береді», - деді Дихан Қамзабекұлы.
Кездесуді қорытындылаған Айбек Дәдебай мәдениетті қолдау партияның сайлауалды бағдарламасындағы негізгі бағыттардың бірі екенін айтты.
«Мемлекет басшысы шығармашылық зиялы қауымның қоғамды дамытудағы айрықша рөлін бірнеше рет атап өтті. «Әділет» партиясы бұл ұстанымды толық қолдайды. Сондықтан сайлауалды бағдарламамызда мәдениет пен креативті экономиканы дамытуға арналған кешенді шаралар ұсынылған. Атап айтқанда, қазақстандық креативті өнімдерді – киноны, музыканы, анимацияны және халық қолөнері бұйымдарын халықаралық нарыққа шығаруды, қолөнершілердің құқықтық мәртебесін заңмен бекітуді, креативті индустрияларды қолдау шараларын кеңейтуді, сондай-ақ оқу мәдениетін, кітапхана ісін және кітап басып шығару саласын одан әрі дамытуды ұсынамыз», - деді Айбек Дәдебай.
Еске сала кетейік, бұған дейін Түркістан облысының қолөнершілері және мәдениет саласының өкілдерімен кездесуде Айбек Дәдебай партияның қолөнерді креативті экономиканың маңызды бөлігі ретінде қарастыратынын айтқан болатын. «Әділетті болашақ үшін» сайлауалды бағдарламасында алдағы үш жыл ішінде креативті экономиканың жалпы ішкі өнімдегі үлесін 3 пайызға дейін жеткізу, сондай-ақ қолөнершілердің құқықтық мәртебесін бекітетін жеке заң қабылдауға бастамашылық ету міндеті қойылған.
Мәдениет саласы өкілдерімен өткен кездесу «Әділет» партиясы республикалық сайлауалды штабының Шымкенттегі жұмыс бағдарламасының жалғасы. Ашық диалог барысында айтылған барлық ұсыныстар пысықталып, партияның алдағы заң шығару қызметінде пайдаланылады.
Партияның қызметі туралы басқа да жаңалықтарды ресми Telegram-арнамыздан оқи аласыздар: https://t.me/adilet_partiyasy