Қолданыстағы талапқа сәйкес, әр топтағы екпе алмаған балалардың үлесі 10%-дан аспауы тиіс
Павлодарда екпе алмаған балаларды балабақшаға қабылдау кезінде санитарлық талаптарды сақтамаған 11 мектепке дейінгі ұйым әкімшілік жауапкершілікке тартылды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Қолданыстағы талапқа сәйкес, әр топтағы екпе алмаған балалардың үлесі 10%-дан аспауы тиіс. Алайда қалалық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасы бірқатар балабақшаның бұл талапты орындамағанын анықтаған.
Ведомство басшысы Александр Сафяниковтың айтуынша, соңғы екі жылда талаптарды сақтау жөнінде бірнеше рет ескерту жасалғанымен, нәтиже болмаған. Соның салдарынан өңірде қызылша кең таралып, кейін көкжөтел деректері де көбейген. Оның сөзінше, осыған байланысты мектепке дейінгі ұйымдарға бақылау күшейтіліп, талапты бұзғандарға әкімшілік шаралар қолданыла бастаған.
«Қаладағы эпидемиологиялық ахуал айтарлықтай жақсарды. Егер наурыз-сәуір айларында күн сайын 30–35 қызылша жағдайы тіркелсе, шілде айында небәрі төрт жағдай анықталды. Дегенмен күзгі-қысқы кезеңде инфекцияның таралу қаупі қайта артуы мүмкін. Сондықтан балабақшаларда санитариялық талаптарды қатаң сақтау аса маңызды», – деді Павлодар қалалық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының басшысы Александр Сафяников.