Білім грантының иегерлері анықталды: тізімді қайдан көруге болады

Автор: Асқарова Қарлығаш

Грант тағайындалғаны туралы электронды куәліктер үш жұмыс күні ішінде grant.testcenter.kz сайтында қолжетімді болады

Фото: istockphoto.com

Қазақстанда 2026-2027 оқу жылына арналған мемлекеттік білім гранттарының иегерлері белгілі болды. Ғылым және жоғары білім министрлігі конкурс қорытындысын жариялады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Биыл мемлекеттік грант конкурсына шамамен 127 мың өтінім түскен. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 14 мыңға көп. Нәтижесінде 75 мыңнан астам талапкер жоғары оқу орындарында тегін білім алу мүмкіндігіне ие болды.

Министрліктің мәліметінше, мемлекеттік білім беру тапсырысы ел экономикасының білікті мамандарға деген ұзақмерзімді сұранысын ескере отырып қалыптастырылған. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, гранттардың 60%-ы инженерлік және техникалық мамандықтарға бөлінген.

Сондай-ақ «Серпін» жобасы аясында 2 мыңнан астам грант иегері Солтүстік, Шығыс және Орталық Қазақстандағы жоғары оқу орындарында білім алады. Бұдан бөлек, әлеуметтік осал санаттағы талапкерлерге арналған квоталар, халықаралық олимпиада мен ірі спорттық жарыстардың жеңімпаздарына конкурссыз берілетін гранттар және мерзімді әскери қызмет өткерген азаматтарға бөлінген 1816 грант сақталған.

Гранттар конкурсының нәтижесін Ғылым және жоғары білім министрлігінің ресми сайты, министрліктің Telegram-арнасы арқылы көруге болады. Ал грант тағайындалғаны туралы электронды куәліктер үш жұмыс күні ішінде grant.testcenter.kz сайтында қолжетімді болады. Жоғары оқу орындарына құжат қабылдау 25 тамызға дейін жалғасады.