Нью-Мексико соты Meta-ны балалардың психикасына зиян келтірілгені үшін 567 млн доллар төлеуге міндеттеді

Meta компаниясына кәмелетке толмаған пайдаланушылар үшін бірқатар қосымша шектеулер енгізілмек

Нью-Мексико соты Meta-ны балалардың психикасына зиян келтірілгені үшін 567 млн доллар төлеуге міндеттеді
Фото: Getty Images

Нью-Мексико соты Meta компаниясы Facebook пен Instagram-да балалар мен жасөспірімдерге келтірген зияны үшін өтемақы ретінде 567 млн доллар төлеуі тиіс деп шешті. Бұл сома алқабилер марш айында компанияға тағайындаған 375 млн доллар айыппұлдың үстіне қосылады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Өтемақының басым бөлігі (420 млн доллар) зардап шеккен жастарға көмектесуге арналған бағдарламаларға жұмсалады. Қалған қаражат, басқа да шаралармен қатар, мұғалімдер мен денсаулық сақтау саласының қызметкерлерін әлеуметтік желілердің жасөспірімдерге тигізетін зиянды әсерімен қалай күресу керектігіне үйретуге бағытталады.

Судья Брайан Бидсхейд сондай-ақ Meta компаниясына кәмелетке толмаған пайдаланушылар үшін бірқатар қосымша шектеулер енгізуді және алгоритмдердің ересек пайдаланушыларға балалар мен жасөспірімдердің аккаунттарын ұсынбауын қамтамасыз етуді тапсырды.

«Зауыттар қоршаған ортаны ластап, адамның құқығын бұзатыны сияқты, Meta платформаларының балаларға келтіретін зияны да тек платформа ішінде қалып қоймайды. Бұл зиян интернетке тарап, ең бастысы, шынайы өмірге де кері әсерін тигізеді», - деп жазды судья өз шешімінде.

Компания өкілдері де онлайн қауіпсіздікті арттыруға атсалысатындарын айтты.

 «Бiз платформаларымызды пайдаланушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін бар күшімізді саламыз және зиянды материалдар мен арам ойлы тұлғаларды анықтау әрі жою кезінде кездесетін қиындықтар туралы ашық айтамыз. Бұған қоса, біз жасөспірімдердің онлайн-қауіпсіздігін қамтамасыз ету қабілетімізге сенімдіміз және фактілерді бұрмалайтын айыптаулардан өз абыройымызды қорғауды жалғастырамыз», — деп қосты Meta.