«Мен оны тек жақсы көрдім»: Ақтөбеде ер адам бұрынғы сүйіктісіне үш жыл бойы тыныштық бермеген
42 жастағы ер адам айырылысқаннан кейін бұрынғы сүйіктісін үш жыл бойы қудалаған
Ақтөбе облысында бұрынғы сүйіктісін үш жыл бойы аңдыған ер адамға қатысты қылмыстық іс қозғалды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Полицияның мәліметінше, 42 жастағы ер адам айырылысқаннан кейін бұрынғы сүйіктісін үш жыл бойы қудалаған.
Ол әйелге түрлі телефон нөмірлерінен қайта-қайта қоңырау шалып, балағаттап, психологиялық қысым көрсеткен. Сонымен қатар әйел тұратын елді мекенге келіп, оның үйінің маңында ұзақ уақыт жүрген және жұмыс орнына да барған.
Әйел тұрғылықты мекенжайын өзгертіп, басқа ауылға көшкеннен кейін де қудалау тоқтамаған. Полицияның мәліметінше, ер адам оның әріптестері арасында беделіне нұқсан келтіруге де әрекет жасаған.
Аталған факті бойынша 42 жастағы ер адамға қатысты сталкинг бабы бойынша қылмыстық іс қозғалды. Ол ұсталып, аудандық полиция бөліміне жеткізілді.
Тергеу барысында күдікті кінәсін мойындаған. Ол өз әрекетін бұрынғы сүйіктісіне деген сезімімен түсіндірген.
«Мен оны тек жақсы көрдім», – деді ер адам.
Қазіргі уақытта іс бойынша тергеу жалғасып жатыр.