Партия өкілдері Жамбыл, Жетісу, Ақмола және Атырау облыстарында ауыл тұрғындары, шаруалар мен еңбек ұжымдарымен кездесіп, агроөнеркәсіп, инфрақұрылым, жұмыспен қамту және әлеуметтік мәселелерді талқылады
«Әділет» партиясының өкілдері Қазақстан өңірлеріндегі сайлауалды үгіт-насихат жұмыстарын жалғастыруда. Кездесулер барысында ауыл шаруашылығын дамыту, су үнемдеу технологияларын енгізу, ауыл инфрақұрылымын жаңғырту, жастарды жұмыспен қамту, кәсіпкерлікті қолдау және тарихи-мәдени мұраны сақтау мәселелері талқыланды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
«Әділет» партиясының сайлауалды штабының мүшелері Алматы облысының Жамбыл ауданы Жайсан ауылындағы «BEREKELI ET» шаруа қожалығының ұжымымен кездесті. Кездесуде суармалы егіншілік, мал азығын дайындау және ауыл шаруашылығы кәсіпорнының тұрақты жұмысы сөз болды.
Шаруашылықтың қарамағында 1,5 мың гектар суармалы жер бар. Биыл 400 гектарға жүгері, 500 гектарға арпа, 200 гектарға бидай егілген. Өсірілген өнім 1,5 мың бас малдан тұратын жеке мал басына арналған жемшөп қорын қалыптастыруға пайдаланылады.
Шаруашылық басшысы Ербосын Мылтықбаев өндірістің тиімділігі суармалы судың тұрақты берілуіне, ирригациялық инфрақұрылымның жағдайына және су жеткізу кестесінің сақталуына тікелей байланысты екенін атап өтті.
«Біз 1,5 мың бас малға қажетті жемшөпті өзіміз дайындаймыз. Сондықтан суармалы судың егістікке уақытылы әрі қажетті көлемде берілуі маңызды. Тамшылатып суару суды үнемдеуге және өнім көлемін алдын ала жоспарлауға мүмкіндік береді. Алайда бұл технологияның тиімділігі магистральдық каналдардың жағдайына және судың тұрақты берілуіне тікелей байланысты. Суармалы егіншілікті кеңейту үшін ең алдымен қолданыстағы ирригациялық инфрақұрылымды жаңғырту қажет», – деді Ербосын Мылтықбаев.
Кездесу барысында штаб өкілдері шаруашылық жұмысшыларын партияның агроөнеркәсіптік кешенге қатысты сайлауалды бағдарламасындағы ұсыныстарымен таныстырды.
Құжатта суармалы жер көлемін 2,5 млн гектарға дейін жеткізу көзделген. Ал 2030 жылға қарай тамшылатып және жаңбырлатып суару технологиялары қолданылатын алқап көлемін 1 млн 362 мың гектарға жеткізу жоспарланған.
Бағдарламада сондай-ақ қуаңшылық аймақтардағы ирригациялық және мелиоративтік жүйелерді қайта жаңғырту, суару каналдарын жаңарту және суды есепке алудың заманауи құралдарын енгізу қарастырылған. Бұл шаралар суды тасымалдау кезіндегі шығындарды азайтып, су ресурстарын шаруашылықтар арасында тиімді бөлуге бағытталған.
«Су үнемдеу технологиясын тек егістікте енгізу жеткіліксіз. Каналдар мен суды жеткізудің бүкіл жүйесі қатар жаңартылуы тиіс. Партия бағдарламасында бұл мәселелер өзара байланыста қарастырылған. Осындай кездесулер барысында біз шаруашылықтардың практикалық тәжірибесін зерделеп, жұмысшылардың ұсыныстарын жинап, олардың алдында тұрған мәселелерді тіркейміз», – деді штаб мүшесі Әділбек Қамбарұлы.
Қаратал ауданында «Әділет» партиясының Жетісу облыстық сайлауалды штабы «Бақыт-Қаратал» ЖШС еңбек ұжымымен кездесу өткізді.
Іс-шараға «Әділет» партиясының облыстық сайлауалды штабының мүшелері Арыстанғали Арын мен Серікжан Жексембиев, сондай-ақ Құрылтай депутаттығына кандидат Руфина Усанова қатысты.
Кездесу барысында штаб өкілдері партияның сайлауалды бағдарламасының басым бағыттарын таныстырып, ауыл шаруашылығын қолдау, еңбек адамының мәртебесін арттыру, өңірлердің әлеуметтік-экономикалық дамуы және ауыл инфрақұрылымын жетілдіру мәселелеріне тоқталды.
Арыстанғали Арын өз сөзінде сайлауалды науқан аясында атқарылған жұмыстардың көлеміне тоқталды.
«Бүгінде біздің партия еліміздің барлық өңірінде 8 мыңнан астам үгіт-насихат және түсіндіру іс-шарасын ұйымдастырды. Оның барысында сайлауалды бағдарламамызбен 1,6 миллионнан астам азамат танысты. Біз Әділетті Қазақстанды бірге құрып жатырмыз», – деді ол.
Кездесу соңында қатысушылар елді дамыту жолындағы бірлік пен өзара қолдаудың маңыздылығын атап өтіп, азаматтарды алдағы сайлауда белсенді азаматтық ұстаным танытуға шақырды.
Ақмола облысында Қазақстан Республикасы Құрылтайы депутаттарын сайлауға байланысты сайлауалды үгіт-насихат науқаны жалғасуда.
«Әділет» партиясының облыстық сайлауалды штабының мүшелері Косшы қаласы мен Тайтөбе ауылында бірқатар кездесу өткізді. Олар Мәдениет үйіне, IT мектебіне, «Сұлу-ай» балабақшасына барып, ауыл тұрғындарымен жүздесті.
Кездесулер ашық диалог форматында өтіп, тұрғындардың өмір сапасына тікелей әсер ететін мәселелер талқыланды.
IT мектебінің ұжымына заманауи білім беру жүйесін дамыту, цифрлық технологияларды енгізу, сұранысқа ие мамандарды даярлауға жағдай жасау және дарынды жастарды қолдау жөніндегі бастамалар таныстырылды. Партия өкілдері білім мен цифрлық құзыреттерге инвестиция салу елдің бәсекеге қабілеттілігін арттырудың негізгі факторларының бірі екенін атап өтті.
«Сұлу-ай» балабақшасының педагогтерімен кездесуде мектепке дейінгі білім беру сапасын арттыру, балаларды тәрбиелеуге қолайлы жағдай жасау, педагогтерді қолдау және білім беру саласы қызметкерлерінің мәртебесін нығайту мәселелері талқыланды. Сондай-ақ балалы отбасыларды әлеуметтік қолдауды жетілдіруге бағытталған ұсыныстар айтылды.
Мәдениет үйінде мәдени мұраны сақтау, өңірлердің шығармашылық әлеуетін дамыту және мәдениет мекемелерінің жұмыс істеуіне заманауи жағдай жасау мәселелері сөз болды.
Тайтөбе ауылының тұрғындарымен кездесуде инфрақұрылымды дамыту, медициналық көмектің сапасы, спортты қолдау, жастар саясаты және халықты әлеуметтік қорғау мәселелері көтерілді. Ауыл тұрғындары жолдарды жақсарту, әлеуметтік нысандарды дамыту және жастар үшін жаңа мүмкіндіктер жасау жөнінде ұсыныстарын айтты.
Партия өкілдері тұрғындардың сұрақтарына жауап беріп, әрбір өтініш пен ұсыныс мұқият зерделенетінін атап өтті.
«Әділет» партиясы сайлауалды штабының мүшесі Ақманат Алимбетованың айтуынша, адамдармен тұрақты қарым-қатынас орнатпайынша тиімді шешімдер қабылдау мүмкін емес. Себебі елді мекендерге қандай өзгерістер қажет екенін сол жерде тұратын тұрғындар жақсы біледі.
Кездесу барысында қатысушыларға «Әділет» партиясының сайлауалды бағдарламасы егжей-тегжейлі жазылған ақпараттық брошюралар таратылды.
Зеренді ауданының Молодежное ауылы Қазақстан Республикасы Құрылтайы депутаттығына «Әділет» партиясынан кандидат Берген Беспалиновтың ауыл тұрғындарымен және «ТОО Мирас» агрофирмасының еңбек ұжымымен кездесуіне алаң болды.
Кәсіпорын ауданның жетекші ауыл шаруашылығы өндірушілерінің бірі саналады және дәнді және дәнді-бұршақты дақылдар өсірумен, соның ішінде тұқым шаруашылығын дамытумен айналысады.
Кездесу ашық диалог форматында өтіп, «Әділет» партиясының сайлауалды бағдарламасының негізгі бағыттарына арналды. Қатысушылар ауылдық аумақтарды дамыту перспективаларын, өңірлер экономикасын нығайтуды, отандық агроөнеркәсіптік кешенді қолдауды, кәсіпкерлікке қолайлы жағдай жасауды, инфрақұрылымды дамытуды, мемлекеттік қызметтерді цифрландыруды және ауылдағы өмір сапасын арттыруды талқылады.
Молодежное тұрғындары ауыл жолдарының жағдайы, аграрлық салаға білікті кадрлар тарту, ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерді қолдау шаралары, әлеуметтік инфрақұрылымды дамыту және жастардың туған ауылында өз болашағын құруына жағдай жасау жөнінде сұрақтар қойды.
«Бүгінде мықты ауыл – мықты өңірдің және елдің азық-түлік қауіпсіздігінің негізі. Біздің міндетіміз – ауыл тұрғындарының еңбегі лайықты бағаланатын, аграрлық бизнес сенімді дамитын, ал жастар туған жерінде өз болашағын көретін жағдай жасау. Сондықтан партия бағдарламасында өңірлерді дамытуға, кәсіпкерлікті қолдауға, инфрақұрылымды жаңғыртуға және мемлекеттік шешімдердің тиімділігін арттыруға ерекше көңіл бөлінген», – деп атап өтті Қазақстан Республикасы Құрылтайы депутаттығына кандидат Берген Беспалинов.
Кездесу соңында тұрғындар өз ұсыныстары мен бастамаларын ортаға салды. Айтылған барлық мәселелер алдағы уақытта мұқият зерделеніп, партияның бағдарламалық міндеттерін іске асыру барысында ескерілетіні айтылды.
Ақмола облысындағы сайлауалды үгіт-насихат жұмыстары Жарқайың ауданында жалғасты. Кезекті ашық диалог алаңына Кенское ауылының элеваторындағы еңбек ұжымы жиналды.
Партия өкілдері сайлауалды бағдарламаның негізгі бағыттарын таныстырып, өңірлерді дамытуға, халықтың өмір сүру сапасын арттыруға және ауылдық аумақтарды қолдауға ерекше назар аударды.
Элеватор ұжымымен кездесуде агроөнеркәсіптік кешенді қолдау мәселесіне басымдық берілді. Партия бағдарламасында заманауи ауыл шаруашылығы инфрақұрылымын дамыту, астық сақтау және өңдеу кәсіпорындарын жаңғырту, жаңа технологияларды енгізу, отандық өнімнің бәсекеге қабілеттілігін арттыру және ауылдық жерлерде жаңа жұмыс орындарын құру шаралары қарастырылған.
«Ауылды дамыту – елдің тұрақты өсуінің негізгі факторларының бірі. Ауылдық елді мекендерде өмір сүруге қолайлы жағдай жасау, халықты жұмыспен қамту, тұрғындардың бастамаларын қолдау және жастарға жаңа мүмкіндіктер ашу маңызды. Мықты әрі дамыған ауылдар – бүкіл өңірдің әл-ауқаты мен Қазақстанның болашағының негізі», – деді сайлауалды штаб мүшесі Жұлдыз Сейтбек.
Кездесу барысында тұрғындар сайлауалды штаб өкілдеріне тікелей сұрақ қойып, өңір экономикасын дамыту, білім беру мен медициналық қызметтердің сапасын арттыру, жол және коммуналдық инфрақұрылымды жетілдіру, сондай-ақ жастарды жұмыспен қамтудан бастап кәсіпкерлік бастамаларды қолдауға дейінгі жаңа мүмкіндіктер жасау мәселелерін талқылады.
Қазақстан Республикасы Құрылтайы депутаттығына кандидат Мұса Хайруллиев Құрманғазы ауданына жұмыс сапары барысында өңірдің тарихи-мәдени мұраларының бірі – Кененбай үңгіріне барып, оның тарихымен танысты. Бесшоқы өңірінде, Асан ауылынан оңтүстік-шығысқа қарай 39,5 шақырым жерде орналасқан Кененбай үңгірі – ғасырлар қойнауынан сыр шертетін тарихи орындардың бірі.
Тарихи орынмен танысу барысында Мұса Хайруллиев өңірдің мәдени-тарихи құндылықтарын сақтау мен насихаттаудың маңыздылығына тоқталды.
«Ұлттың болашағы оның тарихи жадымен тығыз байланысты. Осындай қасиетті орындар – халқымыздың рухани тамыры мен мәдени мұрасының ажырамас бөлігі. Біз оларды сақтап қана қоймай, келер ұрпаққа танытып, тарихи туризмді дамыту арқылы ел игілігіне айналдыруымыз қажет. Ұлт болып ұйысудағы бұл бағыттар – партияның басты басымдықтарының бірі», – деді Мұса Хайруллиев.
«Әділет» партиясы мәдени мұраны қорғау, тарихи ескерткіштерді сақтау және оларды кеңінен насихаттау ұлттық құндылықтарды дәріптеудің маңызды бағыты деп санайды. Тарихи-мәдени нысандарды жаңғыртып, оларды туристік әлеуетке айналдыру өңірлердің әлеуметтік-экономикалық дамуына да оң ықпал етуі мүмкін.
Қазақстан Республикасы Құрылтайы депутаттығына кандидат Мұса Хайруллиевтің сайлауалды үгіт-насихат жұмыстары Құрманғазы ауданында жалғасты.
Кандидат «Әділет» партиясының облыстық сайлауалды штабының мүшелерімен бірге ауданның шалғай елді мекендері – Сүйіндік, Қошалақ және Асан ауылдарын аралап, тұрғындармен кездесті.
Кездесулердің негізгі мақсаты ауыл тұрғындарының ұсыныстары мен пікірлерін тыңдау, өңірдегі өзекті мәселелерді талқылау және «Әділет» партиясының сайлауалды бағдарламасының басым бағыттарын таныстыру болды.
Алғашқы кездесу Сүйіндік ауылында өтті. Ашық пікір алмасу барысында тұрғындар ауылдың ең күрделі мәселелерінің бірі ретінде жол инфрақұрылымын атады. Айтылған 20 ұсыныстың тең жартысы ауылішілік және ауданмен байланыстыратын жолдардың сапасына қатысты болды.
Тұрғындар жол мәселесінің шешілуі ауылдың әлеуметтік-экономикалық дамуына, халықтың тұрмыс сапасына және жастардың болашағына тікелей әсер ететінін жеткізді.
«Жол – жай ғана инфрақұрылым емес. Ол – ауылдың тынысы, халықтың күнделікті өмірінің сапасы, балалардың қауіпсіздігі мен кәсіпкерліктің дамуына ықпал ететін маңызды фактор. Сондықтан тұрғындардың әрбір ұсынысы біздің назарымызда болады», – деді Мұса Хайруллиев.
Іссапар одан әрі Қошалақ елді мекенінде жалғасты. Бірнеше ғана шаңырақ қалған шағын ауылдың тұрғындары кандидаттарды ақ батасын беріп қарсы алды. Ауылдың көнекөз қариялары мен ақ жаулықты аналары елді мекендегі ең өзекті мәселелердің бірі – ауыз су мен электр энергиясының тапшылығы екенін жеткізді.
Құрманғазы ауданындағы жұмыс сапары Асан ауылында қорытындыланды. Мұнда өткен кездесуде Мұса Хайруллиев тұрғындарды «Әділет» партиясының сайлауалды бағдарламасының жеті негізгі бағытымен таныстырды.
Олар: заң мен тәртіпті нығайту, әділ әрі бәсекелі экономиканы дамыту, цифрлы мемлекет қалыптастыру, өңірлердің әлеуетін күшейту, әлеуметтік әділеттілікті қамтамасыз ету, адам капиталын дамыту және азаматтардың өмір сүру сапасын арттыру.
Кездесуде тұрғындар өз ұсыныстары мен пікірлерін ортаға салып, ауылдарды дамытуға қатысты нақты мәселелерді көтерді.