Табысты ауыл шаруашылығы кәсіпорындары ауылдың тұрақты дамуына ықпал етеді – «Ауыл» партиясы
«Ауыл» партиясының өкілдері «Шахтерское» кәсіпорнының еңбек ұжымымен кездесті
Қарағанды облысында Қазақстан Республикасы Құрылтайы депутаттығына кандидаттардың сайлауалды үгіт-насихат жұмыстары аясында «Ауыл» партиясының төрағасы Қайрат Айтуғанов пен партия атынан ұсынылған кандидаттар «Шахтерское» ЖШС-нің еңбек ұжымымен кездесу өткізді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Кездесу барысында қатысушылар кәсіпорынның жұмысымен танысып, ауыл шаруашылығы саласының өзекті мәселелерін талқылады. Әңгіме элиталық тұқым шаруашылығын дамыту, аграрлық секторды мемлекеттік қолдау, ауыл шаруашылығы өндірісінің тиімділігін арттыру, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету, жаңа жұмыс орындарын құру және ауылдық аумақтарды дамыту бағытында өрбіді.
«Ауыл» партиясының төрағасы Қайрат Айтуғановтың айтуынша, табысты ауыл шаруашылығы кәсіпорындары ауылдың тұрақты дамуына, халықты жұмыспен қамтуға және жастардың туған жерінде еңбек етуіне мүмкіндік береді.
Кездесуде партияның сайлауалды бағдарламасындағы агроөнеркәсіп кешенін жаңғырту, ауыл шаруашылығы техникасын жаңарту, ауыл инфрақұрылымын дамыту, ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеуді қолдау және өңірлердің экономикалық әлеуетін арттыруға қатысты бастамалар да таныстырылды.
Жиын соңында еңбек ұжымы өкілдері өз ұсыныстары мен пікірлерін ортаға салды.