Астанадан кейін Түркістан облысында да заң бұзушылықты видеоға түсіргендерге сыйақы төленеді

Автор: Асқарова Қарлығаш

 Ең жоғары төлем мөлшері – 10 АЕК немесе 43 250 теңге болып бекітілді

Фото: ЖИ арқылы жасалды/ChatGPT

Түркістан облысында әкімшілік құқық бұзушылықты фотоға немесе видеоға түсіріп, уәкілетті органдарға жолдаған азаматтарға ақшалай сыйақы төлеу тәртібі бекітілді. Ең жоғары төлем мөлшері – 10 АЕК немесе 43 250 теңге, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Түркістан облысы әкімдігінің 3 тамыздағы қаулысы Әділет министрлігінде 4 тамызда тіркелді. Құжат алғашқы ресми жарияланған күннен кейін 10 күн өткен соң күшіне енеді.

Жаңа тәртіпке сәйкес, сыйақы алу үшін азамат құқық бұзушылық туралы хабарламаны фото немесе бейнематериалмен бірге жолдап, жеке өтініш беруі қажет. Өтініште ЖСН, жеке куәлік деректері және банк шоты көрсетіледі.

Алайда төлем әрбір жіберілген бейнежазба үшін автоматты түрде берілмейді. Алдымен құқық бұзушылықтың өзге жолмен тіркелмегені тексеріледі. Кейін іс бойынша қаулы заңды күшіне еніп, құқық бұзушы айыппұлды толық төлегеннен кейін ғана арнайы комиссия сыйақы тағайындау мәселесін қарайды. Комиссия сыйақы көлемін азаматтың құқық бұзушылықтың алдын алуға немесе оны анықтауға қосқан үлесіне қарай белгілейді.

Құқық бұзушылық туралы «Е-Өтініш» жүйесі, «102» мобильді қосымшасы немесе полицияның кезекші бөлімі арқылы хабарлауға болады.